Аймақтар

Қоянды ауылы қарқынмен дамуда: Газ, жол және инфрақұрылым жобалары аяқталуға жақын

Целиноград ауданының Қоянды ауылында 2025 жылғы 22 қарашада көптен күткен маңызды оқиға – ауылға газды салтанатты түрде қосу рәсімі сәтті өтті. Бұл күн Қоянды тұрғындары үшін тарихи кезең болып, елді мекеннің әлеуметтік әрі тұрмыстық жағдайын жаңа деңгейге көтерді.

Іс-шараға ауыл белсенділері, мердігер компаниялар өкілдері, аудан басшылығы және тұрғындар қатысты. Рәсім барысында ауылға жария түрде газ беріліп, көпшіліктің қуанышты көңіл күйі ерекше байқалды.

Газдандыру жұмыстары жоспарға сәйкес жоғары қарқынмен жүргізілді. Жоба аясында:

- 22 093 метр орта қысымды,

- 204 185,9 метр төмен қысымды газ құбыры салынды,

- 11 шкафты газ реттегіш пункт орнатылды.

Жобаның жалпы сметалық құны 5,09 млрд теңгені құрайды. Газдандыру жұмыстары «Алия Сервис» ЖШС тарапынан атқарылып, толықтай бюджет есебінен қаржыландырылды.

Газдың берілуі Қояндының тұрмыс сапасын жақсартып қана қоймай, экологиялық ахуалды оңтайландыруға, жылыту шығындарын азайтуға және қауіпсіздікті нығайтуға мүмкіндік береді. Тұрғындар бұл оқиғаны ауылдың дамуындағы үлкен серпіліс деп бағалады.

Сонымен бірге ауылішілік жолдарды салу және жөндеу жұмыстары да белсенді жалғасуда. Жалпы ұзындығы 20,9 км жол салынып жатыр.

Жобаның сметалық құны — 14,35 млрд теңге,

Мердігер — «АБК Автодор НС» ЖШС.

2025 жылы су өткізгіш лотоктарды орнату жұмыстары да жоспарға сай жүзеге асуда:

- 470 лоток жеткізілді,

- 110-ы орнатылды,

- Қалған 360 лотокқа негіз дайындалды.

Газдандыру мен жол құрылысы – Қояндының келешек дамуына бағытталған ауқымды жобалар. Екі бастама да жергілікті тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастырып, көлік қатынасын жақсартуға, инфрақұрылымды заманауи талаптарға сәйкестендіруге мүмкіндік береді.

Қояндыда өткен салтанатты шара ауылдың жаңа мүмкіндіктерге қадам басқанын айқын көрсетті. Тұрғындар оны ауылдың өркендеуіндегі үлкен жеңіс ретінде қабылдап, болашаққа сеніммен қадам басып отыр.