Астанада үш құрылысшы биіктен құлап кетті: Мән-жай анықталуда
Астанада құрылыс нысанында болған ауыр оқиғадан кейін полиция департаменті тергеу жұмыстарын бастады. Оқиға уақытында бесқабатты ғимараттың үстінде жұмыс істеп жатқан үш құрылысшы құлап, түрлі жарақат алғаны белгілі болды.
Полиция департаментінің баспасөз қызметі редакцияға берген мәліметте:
«Құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді», – деп хабарлады.
Алдын ала мәліметке сәйкес, жұмысшылардың құлауына құрылысқа арналған люльканың ақауы себеп болуы мүмкін. Қазір оқиғаның нақты қалай болғаны анықталып жатыр.
Оқиға орны – Күлтегін көшесі, 16 мекенжайында салынып жатқан Attila тұрғын үй кешені. Жұмысшылар шамамен 15 метр биіктіктен, яғни бесінші қабаттан құлап кеткен.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы үш ер адамның ауыр жарақатпен жеткізілгенін растады.
1981 жылы туған науқасқа бас сүйегіне күрделі операция – көп сынықты маңдай сүйегін алып тастау және маңдай қуыстарын тазарту, сондай-ақ қатты ми қабығын қалпына келтіру бойынша хирургиялық ем жасалды. Оның жағдайы өте ауыр деп бағаланып отыр.
1997 жылы туған жұмысшының да жағдайы ауыр.
Ал 1984 жылғы үшінші зардап шегушінің жағдайы – орташа ауырлықта.
Медициналық орталықтың мәліметінше, барлығына қажетті шұғыл көмек көрсетіліп, тиісті операциялар жасалған. Дәрігерлер пациенттерді толық бақылауда ұстап, ем-домды жалғастыруда.