Жылыту маусымындағы өрт қауіпсіздігі: Астанада құтқарушылар кең ауқымды рейд өткізді
Астанада құтқарушылар полиция қызметкерлерімен, еріктілермен және ТЖМ өкілдерімен бірге қаланың жер үй секторында алдын алу рейдін жүргізді. Олар тұрғындарға жылыту құрылғыларын қауіпсіз пайдалану ережелерін түсіндіріп, датчиктер орнатып, тиісті нұсқаулық берді, деп мәлімдеді қала әкімдігінің ресми сайты
Жылыту маусымында өрт шығу қаупі жыл сайын артады. Бұл кезеңде тұрғындар пештер мен түрлі жылыту құрылғыларын белсенді пайдаланады. Оларды дұрыс пайдаланбау өртке әкелуі мүмкін.
ТЖД қызметкерлері осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында ауқымды профилактикалық жұмыс жүргізіп жатыр. Рейдтер мен аула аралау барысында мамандар полициямен, еріктілермен және жергілікті атқарушы органдардың өкілдерімен бірге жер үйлерді аралап, тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салады. Қалауы бойынша пештер мен мұржалардың жағдайы тексеріліп, анықталған ақауларды жою бойынша ұсыныстар беріледі.
Ерекше назар көпбалалы отбасыларға, зейнеткерлерге, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және әлеуметтік жағынан қорғалатын өзге де санаттарға аударылады.
«Пештің жарылған жерлері, тазаланбаған мұржалар және электр желілерінің шамадан тыс жүктелуі – өрттің негізгі себептері. Тұрғындарды жылыту жабдықтарын алдын ала дайындап, тозған электр құрылғыларын қолданбауға шақырамыз», – деп атап өтті құтқарушылар.
Алдын алу шараларының аясында тұрғын үйлерге өрт дабылқаққыштары орнатылуда. 2016 жылдан бері құтқарушылар әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға дабылқаққыштарды тегін таратып, орнатуды тәжірибеге енгізген.
«Бүгін біздің мамандар екі мыңнан астам датчик орнатады. Бұл – әкімдікпен бірлесіп жүзеге асырылатын толықтай тегін бастама. Біз тек құрылғыларды таратып қана қоймай, өзіміз орнатып, оларды қолдану және батареяны ауыстыру тәртібін де түсіндіреміз», – делінген ТЖМ мәліметінде.
Құтқарушылар Астана тұрғындарына өрт қауіпсіздігі ережелерін еске салды:
• жылыту құрылғылары мен электр сымдарының жарамдылығын тексеру;
• электр желілерін шамадан тыс жүктемеу, тоқ ұзартқышқа тым көп құрылғы қоспау;
• балаларды қараусыз қалдырмау;
• тек жарамды пештер мен электр құралдарын пайдалану;
• пештерді, электр және газ жабдықтарын орнату мен жөндеуді тек мамандарға сеніп тапсыру;
• пешті шамадан тыс қыздырмау, электр желісінің жүктелуіне жол бермеу;
• мұржаларды уақытылы күйеден тазарту;
• пештер мен электр құрылғыларын жүйелі түрде тексеріп отыру;
• пеш жағуды балаларға тапсырмау;
• сіріңке мен жанғыш заттарды балалардың қолы жетпейтін жерге қою.