Онлайн-платформаларда тауарға 25% қосып сатады — Әбілқасымова
Маркетплейстерде банктердің сатушылардан алатын комиссиялары 5%-дан 25%-ға дейін жетеді. Бұл туралы үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз мәслихатында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова хабарлады.
«Маркетплейстерге қол жеткізу үшін барлық компания комиссия төлейді. Біз талдау жүргіздік, банктер бойынша комиссиялардың мөлшерін қарап, олардан бүкіл ақпаратты сұраттық. Сатушылардан ұстап қалатын комиссиялар көлемі 5%-дан 25%-ға дейін жетеді. Мұнда маңыздысы – тауарды компанияның өзі орналастырғанда, ол төлемнің қалай жасалғанын білмейді. Яғни адамның несие алғанын, тауарды бөліп төлеуге рәсімдегенін немесе қолма-қол ақшамен төлегенін білмейді. Сондықтан бәсекелестікті дамыту, сатушыларға да, сатып алушыларға да қолжетімділікті кеңейту тұрғысынан маркетплейстерге қосарланған баға қоюдың қажеттілігі жоқ деп санаймыз», – деді ол.
Ол атап өткендей, тауар маркетплейске орналастырылған кезде сатушы өз тауарын толық төлеммен алады және сатып алушының оны қалай төлегенін, яғни, бөліп төлеу арқылы әлде қолма-қол ақшаға алғанын білмейді.
Мәдина Әбілқасымова бағаны тауарды сататын компаниялардың өздері белгілеуге тиіс екенін түсіндірді. Ал агенттік өзінің құзыреті шегінде бөліп төлеу мөлшерлемесінің заңда белгіленген шекті мәндерден аспауын бақыламақ.
«Бізді мөлшерлеме қызықтырады. Егер бұл комиссия болып, тауар несие қаражаты есебінен сатып алынған болса, яғни бөліп төлеу немесе несие арқылы, яғни толық қолма-қол төлем болмаса, онда оның мөлшерлемесі шекті мәндерден асып кетпеуі керек. Бізде қамтамасыз етілген және қамтамасыз етілмеген несиелер бойынша шекті пайыздық мөлшерлеме белгіленген және ол маркетплейс арқылы сатылғанда да артық болмауға тиіс. Бұл – ең бірінші міндет», – деді ол.
Екінші міндет – несие рәсімдеп, кейін оны өтей алмай қалуы мүмкін тұтынушылардың құқықтарын қорғау.
«Қарапайым несие алған кездегідей, оған қолданылатын барлық талап бұл жағдайда да қолданылуы керек. Ол өз қарызын реттей алу мүмкіндігіне ие болуға тиіс, оның құқықтары қорғалуы керек және қарапайым несиеге қатысты қолданылатын барлық норма бұл сатып алушыға да таралуы қажет», – деп түсіндірді Әбілқасымова.
Өз кезегінде премьер-министр орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин сатушы тауар құнына болжамды бөліп төлеу үшін қосымша 15-20% қосатынын айтты.
«Бірақ біздің заңнамада екі бағаны көрсетуге тыйым салынған болатын. Түсінесіздер ме? Сол себепті мен дүкенге келемін, қолымда қолма-қол ақшам бар, соған тауарды сатып аламын, бірақ артық төлеймін, өйткені ол тауардың бағасына бөліп төлеумен алатын адам үшін пайыздық үстеме алдын ала қосылған. Егер бөліп төлеуге алсаң, бағаға банктің пайызы қосылды, инфляция бар дегендей. Бұл көрсетілуі керек. Сатып алушы қалай төлейтіні, не үшін төлейтіні, бағаның неден құралатынын білуге тиіс. Айтпақшы, бұл да инфляцияға әсер етеді», – деді ол.