Жаңалықтар

Бейнеуде ер адам полиция бөлімінде өзін өртемек болды

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында 33 жастағы ер адам аудандық полиция бөлімінің бақылау-өткізу бекетінің алдында өзін-өзі өртемек болды. Оқиға сәті түсірілген шок-видео әлеуметтік желіде тарады, деп хабарлайды newsroom.kz.

Куәгерлердің айтуынша, ер адам бұл қадамға Атырау бағытындағы трассада алған әкімшілік айыппұлға наразы болып, осылайша қарсылық білдірмек болған.


Ол Бейнеу аудандық полициясының алдына келіп, үстіне бензин құйып, өзін тұтатуға әрекет жасаған. Алайда құқық қорғау органдары жедел араласып, өзін-өзі өртемек болған азаматты тоқтатып үлгерген. Кейін ол дәрігерлерге жеткізілді.

Маңғыстау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалды, қазір сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

«Оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр», — деп хабарлады полиция.