«Урал» мотоциклдері Қазақстаннан кетеді: шешімге Трамптың қатысы қандай?
Классикалық «Урал» мотоциклдерінің Қазақстанда құрастыруы тоқтатылды. Бұл туралы Ural Motorcycles компаниясының президенті Илья Хайт ресми үндеуінде хабарлады.
Құжатта Петропавлдағы өндірісті тоқтату туралы тікелей айтылмағанымен, классикалық модельдердің 2022 жылдан бері Қазақстанда жүзеге асырылып келген соңғы жинағы енді тоқтайтыны, неғұрлым дәл айтқанда, «белгісіз мерзімге паузаға қойылатыны» атап өтілген.
Хайттың айтуынша, бір бөлігі санкция астындағы Ресейде, екінші бөлігі инфрақұрылымы дамымаған Қазақстанда өндірісті қатар жүргізу компанияға тым қиынға түскен.
«2024 жылдың соңына қарай мұндай схема өміршең еместігі белгілі болды: әр құрастырылған мотоциклден ақшамызды жоғалттық», — делінген үндеуде.
Трамптың тарифтері жағдайды одан әрі ушықтырды
Компания шешіміне әсер еткен тағы бір фактор — АҚШ президенті Дональд Трамптың 2025 жылдың сәуірінде енгізген жаңа импорттық тарифтері. Бұл баж салығы «Урал» мотоциклдерінің негізгі нарығы – АҚШ-та сатылуын іс жүзінде мүмкін емес еткен.
Хайттың айтуынша, өндірісті АҚШ-қа көшіру де қисынсыз қадам болар еді, себебі ол миллиондаған доллар инвестицияны қажет етеді және экономикалық тұрғыда ақталмайды.
«Урал» енді қайда өндіріледі?
– Классикалық модельдер әрі қарай тек Ресейдің Свердлов облысындағы Ирбит зауытында құрастырылмақ,
– Өндіріс көлемі шектеулі болады,
– Және тек ресейлік нарыққа арналады.
Ал экспортқа арналған жаңа стратегия мүлде бөлек: компания енді Қытайда жаңа Ural Neo моделін шығару бағдарламасына көшпек. Өндіріс қытайлық Yingang мотокомпаниясымен бірлесіп жүзеге асады. Хайттың өзі атап өткендей, бұл модельдің классикалық «Уралмен» ортақ тұсы аз.
Ресей компанияларының Қазақстаннан кетуі жиілеп келеді
«Уралдың» Қазақстандағы өндірістен кетуі — жалғыз жағдай емес. Өткен жылы Ресейдің теміржолға арналған жылжымалы құрам шығаратын ең ірі өндірушісі – «Трансмашхолдинг» те Қазақстандағы барлық активтерінен толықтай шыққан болатын.