Ардақ Назаров Мәжілістегі ЛГБТ насихатына қатысты заң жобасы туралы пікірін бөлісті
Мәжіліс депутаты Ардақ Назаров Instagram парақшасында төменгі палата ЛГБТ ұйымдарының насихатына тыйым салатын заң жобасын қабылдағанын хабарлады. Айтуынша, құжат алдағы күндері Сенат қарауына жіберіліп, кейін Мемлекет басшысына ұсынылады.
Депутат бұл бастамаға алғаш мандат алған күннен бері атсалысып жүргенін атап өтті.
«Алғаш депутат болып келген күннен бастап азғын ұйымға қарсы болдық, сауалдар жолдадық. Ала жазда ел демалыста жүргенде біз бірнеше депутат болып олармен арпалыста болдық. Бұл ұйыммен жүргізген ақпараттық немесе ақпараттық емес шайқастарымызды қарапайым халық біле бермейді», – деп жазды Назаров.
Оның мәлімдеуінше, аталмыш ұйымдар шетелден миллиондаған қаржы алып, оны «ұрпақ санасын улауға» жұмсаған.
«Дәстүрімізге тиісіп, елімізде білгенін істеп тайраңдады. Намысты жігіттер тісін қайрап, шарасыз күй кешті. Алдағы уақытта заңға бағынбаса, олардың жазасы берілетін болады. Осы заң барысында атсалысқан әріптестеріме мың алғыс», – деді ол.
Сондай-ақ депутат қазақ қоғамын ішкі алауыздыққа жол бермеуге, әлеуметтік желіде бір-бірін қолдауға шақырды.
«Біз біргеміз, аз ғана Қазақпыз, бауырмыз. Көгерсек бірге көгереміз, өссек бірге өсеміз. Осы елдің уайымы – біздің уайым, қайғысы – біздің қайғы. Кейде еліңнің бақыты үшін тәуекелге барасың, өзіңді де аямайсың», – деп қорытындылады Назаров.