5 жыл бойы алимент төлемеген әке бас бостандығынан айырылды
Шымкентте ер адам бірнеше рет ескертілсе де, өз балаларына 5 жыл бойы алимент төлемей келген. Бұл Шымкенттің кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты алимент төлеуден жалтарған ер адамға қатысты қылмыстық істі қарады.
Сот мәліметінше, 2020 жылғы 20 ақпандағы сот шешімімен ер адамнан кәмелетке толмаған төрт баласын асырауға ай сайын табысының жартысын төлеу міндеті бекітілген. Сол жылы оның үстінен іс қозғалған.
Алайда сотталушы бірнеше рет ескертілгеніне қарамастан, алимент төлеу міндетін орындамаған. 2024 жылдың қыркүйегінде ол ӘҚБтК-нің 669-бабы бойынша айыппұл арқалап (18 460 теңге), қайтадан міндетін орындауға шақырылған.
Жеке сот орындаушысының дерегінше, оның алимент бойынша жалпы қарызы 4 852 676 теңгеге жеткен. Ер адам бес жылдан астам уақыт бойы төлем жасаудан жалтарған.
Сотта айыпталушының кінәсі толық дәлелденді.
Нәтижесінде сот ер адамды бойынша кінәлі деп танып, 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Үкім әлі заңды күшіне енген жоқ.