Жаңалықтар

Қостанайда 55 мың адам кітап оқиды

Қостанай облысында «Кітап оқитын ұлт» жобасына 55 мыңнан астам тұрғын қатысып жатыр. Қатысушылардың жартысынан көбі – мектеп оқушылары. Облыс бойынша 30 703 оқушы тіркелген, бұл – балалардың кітапқа қызығушылығының жоғары екенінің айқын дәлелі.

Ең белсенді өңір – Қостанай қаласы. Қала мектептерінен 6418 бала қосылған. Одан кейін Рудный қаласы (4788), Әулиекөл ауданы (3112), Қостанай ауданы (2501) және Жітіқара ауданы (2195). Қалған аудандар мен қалалар да жобадан тыс қалған жоқ.

Отбасылар арасындағы «Кітап оқитын әулет» бағыты да кең тарап отыр: облыста 10 122 отбасы кітап оқу дәстүрін жаңғыртуға атсалысып келеді.

Мұғалімдердің белсенділігі де жоғары. «Кітап оқитын педагог» бағыты бойынша 11 047 ұстаз, сондай-ақ 434 мектеп директоры мен 277 директордың орынбасары тіркелген.

Колледж студенттері арасында 33 оқу орнынан 2028 студент, мемлекеттік қызметкерлер арасынан 300-ден астам адам жобаға қатысып отыр. Әсіресе Федоров ауданында белсенділік ерекше: мұнда 12 ауылдық округ әкімі мен 18 бөлім басшысы кітап оқуға ниет білдірген. Рудныйдан – 15, Қарабалық ауданынан – 9, Амангелді ауданынан – 5, Қарасу ауданынан – 3 ауыл әкімі жобаға қосылған.

Университеттер бойынша облыстың 6 жоғары оқу орнынан 1008 студент тіркелген.

Қатысушылар не дейді?

Қымбат Сұлтанова, Қостанай қаласы №31 мектептің мұғалімі:

«Кітап оқитын мұғалім – әрдайым дамуда. Қазір Орынша Қарабалинаның “Ұстаз бақыты” кітабын оқып жүрмін. Бұл жоба кәсіби тұрғыда да, рухани тұрғыда да үлкен серпіліс береді».

Айсағалиевтер әулеті

Ерлан Айсағалиев, Меңдіқара ауданы, «Кітап оқитын әулет» қатысушысы:

«Жасым 56-да. Кітаппен өскен буынның өкілімін. Отбасымызбен бірге жобадамыз. Ең үлкен жеңіс – кітаптың ұрпаққа беретін рухани қазынасы».

Арайлым Исмағұлова, Қоғамдық даму басқармасы («Кітап оқитын мемлекеттік қызметші»):

«Қатысу туралы бірден шештім. Қазір Макиавеллидің “Әмірші” еңбегін оқып жатырмын. Бұл жоба – жеке даму үшін тамаша мүмкіндік».

Арайлым Исмағулова

Жобаны «Amanat» партиясының қолдауымен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоры мен Қостанай облысы әкімдігі іске асырып келеді. Өңірлік демеуші – «Олжа Агро» агрохолдингі.

«Кітап оқитын ұлт» жобасы 2025 жылдың қыркүйегінде Қостанай, Қарағанды облыстары мен Шымкентте пилоттық режимде басталды. Қазір үш өңірде қатысушылар саны 189 мыңнан асты. Қорытындысы 2026 жылдың сәуірінде жарияланады.