Қазақ түлектері үшін мүмкіндік: Қытай, Жапония, Корея — енді біздің диплом жарамды
Қазақстан дипломдары АТР елдерінде ресми танылады
Қазақстан дипломдарын Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея және Азия-Тынық мұхиты аймағының өзге де елдерінде тануды жеңілдететін Токио конвенциясын ратификациялау мәселесі Мәжілісте қаралды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында баяндама жасаған ҚР ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек мәлімдеді.
Министрдің айтуынша, Токио конвенциясын ратификациялау Қазақстанның халықаралық білім кеңістігіне ықпалдасуын жаңа деңгейге шығарады. Құжат 2011 жылы Токиода қабылданған және жоғары білімдегі біліктілікті әділ, ашық, уақытылы тану қағидаттарын бекітеді.
Қазақстан құжатты қабылдау арқылы бірнеше маңызды мүмкіндікке ие болады:
• Азия-Тынық мұхиты өңірінің ұлттық ақпараттық орталықтар желісіне (APNNIC) мүше болады;
• дипломдарды тану рәсімі жеңілдеп, қазақстандық біліктіліктің халықаралық мойындалуы артады;
• қазақстандық ЖОО-лар үшін шетелде филиал ашу және білім экспортын кеңейту жеңілдейді;
• Қазақстанда білім алған шетелдік студенттер өз елінде оқуын немесе жұмысын кедергісіз жалғастыра алады;
• заманауи білім беру технологиялары мен тәжірибе алмасу күшейеді.
Саясат Нұрбектің мәліметінше, Қазақстан аймақтағы академиялық хабқа айналу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Бүгінде елімізде 31 500 шетелдік студент оқиды — бұл тарихи рекорд. Оның ішінде алғаш рет Азия елдерінен келген студенттер саны ТМД студенттерінен асып түсті.
Министрлік 2029 жылға дейін шетелдік студенттер санын 150 мыңға жеткізуді жоспарлап отыр.
Осы мақсатта Study in Kazakhstan брендімен халықаралық білім көрмелері өтіп жатыр. 2025 жылы Лондонда алғаш рет ұлттық білім павильоны ұсынылды. Биыл көрмелер Ұлыбритания, Әзербайжан, Пәкістан және Қытайда өтті. Келесі жылы Вьетнам, Үндістан, Индонезия, БАӘ, Қатар, Түркия, Моңғолия және Мароккода өтеді.
Сонымен бірге Қазақстанда шетелдік жетекші университеттердің филиалдары ашылып, ал қазақстандық ЖОО-лардың филиалдары Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстанда жұмыс істеп тұр.
Министр Конвенцияны ратификациялау бойынша барлық сараптамалық қорытындылар дайын екенін және құжат заң талаптарына сәйкес екенін атап өтті. Мәжіліске ұсынылған заң жобасын қабылдау Қазақстанның халықаралық білім нарығындағы беделін арттыруға ықпал етеді.