Пациент ФГДС процедурасы кезінде көз жұмған
Эндоскопты шығару кезінде пациенттің тынысы кенеттен тоқтап қалған.
Солтүстік Қазақстан облысында ФГДС (фиброгастродуоденоскопия) процедурасынан кейін пациенттің қайтыс болуына қатысты оқиғаға Денсаулық сақтау министрлігі түсініктеме берді. Шал ақын ауданының орталық аудандық ауруханасында болған жағдай бойынша қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сондай-ақ сот-медициналық сараптама тағайындалған.
Министрлік мәліметінше, құқық қорғау органдарынан ресми сұрау түскен соң, тәуелсіз мамандарды тарта отырып, қосымша ішкі тексеру басталады. Тексеріс қорытындысы полицияға жолданып, құқықтық баға беріледі.
Аурухананың алдын ала деректеріне қарағанда, эндоскопты шығару кезінде пациенттің тынысы кенеттен тоқтап қалған. Кейін оның аорта аневризмасы секілді ауыр дертпен ауырғаны анықталды. Реанимациялық шаралар жасалғанымен, нәтиже бермеген.