Қазақстанда криптовалюта айналымына ресми рұқсат берілді
Бұрын мұндай мүмкіндік тек АХҚО аумағында ғана болған
Президент «Жасанды интеллект және цифрландыру мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Құжат екі ірі бағытта жаңартылды.
1. Жасанды интеллект туралы заңмен сәйкестендіру
Алғашқы түзетулер топтамасы қолданыстағы заңнаманы «Жасанды интеллект туралы» жаңа заңға бейімдейді және осы саладағы құқықтық нормаларды біріздендіреді.
2. Өзге цифрлық салаларды жетілдіру
Екінші топ – кеңірек өзгерістер. Соның ішінде ең маңыздысы – қамтамасыз етілмеген цифрлық активтердің (криптовалюталардың) Қазақстан аумағындағы айналымына рұқсат берілуі. Бұған дейін олардың заңды айналымы тек «Астана» халықаралық қаржы орталығының (АХҚО) юрисдикциясында мүмкін еді.
Жеке деректерді қорғау күшейтіледі
Жеке деректерді өңдеуге берілетін келісімге жаңа талап енгізілді:
ол тек деректерді жинау және өңдеу мақсатына жетуге қажет мерзімге ғана жарамды болады.
Азамат немесе оның заңды өкілі операторды немесе үшінші тұлғаны алдын ала хабардар етіп, келісімін қайтарып ала алады.
Тауарды таңбалау процесі жаңартылды
Ішкі бөлшек саудада бақылау-касса машиналарына идентификациялық құралдарды оқитын функция міндеттеліп, тауарларды таңбалау жүйесі жетілдірілді.
Ақпараттық қауіпсіздік талаптары күшейтілді
Бірқатар түзету киберқауіпсіздік саласындағы талаптарды қатайтуға бағытталған.
Заңның толық мәтіні ресми басылымдарда жарияланатын болады.