Әлем

Қырғызстанның экс-президенті Атамбаев  Жапаровты «елді құлатты» деп айыптады

Қырғызстанның бұрынғы президенті Алмазбек Атамбаев Facebook парақшасында қазіргі мемлекет басшысы Садыр Жапаровқа арналған өткір мәлімдеме жариялады.

Мәтіннің жариялануына Жапаровтың энергодағдарыс үшін Атамбаевты айыптауы себеп болған. Экс-президент бұл сөзді «дөрекі жала» деп атады. Ол Жапаровтың өзі Камбарата-2 нысанында жұмыс істеген майнинг-фермалармен байланысты мойындағанын еске салып, олардың «Максим Бакиев пен Александр Ширишовтың айналасымен» байланысты екенін жазды.

Атамбаевтың айтуынша, Жапаровтың халыққа берген уәделері орындалмаған:

«Адамдардың көзі ашылды, олар сенің кім екеніңді түсінді. Халық — кез келген жалғанды жұта салатын үнсіз топ емес. Сен сөз бостандығын уәде еттің — енді адамдарды әлеуметтік желідегі пост үшін қамап жатыр. Демократияны уәде еттің — барлық тәуелсіз партиялар жойылды, саясаткерлер түрмеден шықпайды. Кім қарсы шықса — соның бәрі қамауда.
Әділ сайлау дедің — ал оппозицияны сайлауға жолатпайды. Мемлекеттік қарызды „нөлге түсіремін“ дедің — керісінше еселеп өсті. Балаларың мен туыстарың банк ашып, байып барады. Майнинг-фермалар кімдерге жұмыс істейтіні түсінікті. Туыстарың мен жақындарың байып жатыр, ал халықта азық-түлікке ақша жетпейді», — деп жазды Атамбаев.

Экс-президент алғашқы ірі энергокризис Бакиев кезеңінде болғанын еске салды. Сол кезде энергосекторды басқарған адамдар «бүгінде қайта билікке келді» дейді ол. Ол кезеңде жарық күніне 8–10 сағатқа өшірілген. Атамбаев энергожүйені инженерлердің еңбегі қалпына келтіргенін, ал «гимн мен туды ауыстыру сияқты мифтік реформалардың» оған қатысы жоқ екенін атап өтті.

Сонымен қатар ол қазіргі Қырғызстанда «жеке меншік құқығы жойылғанын» айтты:

«Ел — әділетсіздік орнаған аймаққа айналды. Әр кәсіпкер, шағын сатушыдан бастап ірі бизнесменге дейін, кез келген сәтте ойдан шығарылған себеппен бар мүлкінен айырылып қаламын деп қорқып өмір сүріп жатыр. Үйлер сотсыз сүріледі, жер мен мүлік тартып алынады, шағын және орта бизнес салықпен, рейдерлік қысыммен, қолдан жасалған қылмыстық істермен тұншықтырылуда», — деді Атамбаев.

Оның айтуынша, мемлекет аппараты тек билікке жақын топтардың мүддесіне жұмыс істейді. Бес жыл ішінде Қырғызстанның баспасөз еркіндігі рейтингі 89-орыннан 144-орынға дейін құлдыраған — Уганда мен Анголадан да төмен.

Атамбаевтың бостандыққа шығуы

Алмазбек Атамбаев 2024 жылғы ақпанда түрмеден босатылған еді. Оның істері қайта қаралып, экс-президент Испанияға емделуге кеткен. Сол кезде Садыр Жапаров «мейірімді болу керек» деп мәлімдеген, бірақ өзі Атамбаев билігі кезінде тағылған айыптар бойынша 1291 күн түрмеде отырған.

Сарапшылар Атамбаевтың саясаттан кетуі екіталай екенін, қайта оралуға дайындалып жатқанын айтады.