Министрліктің жаңа жүйесі кесірінен мұғалімдер үш ай жалақысыз қалды
«Білім» және «Смарт білім» жеке мектептерінің мұғалімдері қыркүйектен бері жалақысыз жүр. Айтуынша, олар пәтерақы төлей алмай, несие қысымына түсіп, күнделікті қажеттіліктерін өтеуге қиналып қалған, деп хабарлаймыз Hronika.kz-ке сілтеме жасап.
Жалақының кешігуіне Оқу-ағарту министрлігі енгізген мемлекеттік білім беру тапсырысын жаңа жүйе арқылы орналастыру механизмі себеп болған. Бұған дейін қолданылған электронды платформаның орнына жаңа E-Qazyna.kz жүйесі іске қосылып жатыр. Алайда көшу кезеңіндегі техникалық кідірістер салдарынан мектептерге бюджет қаржысы уақытында түспеген.
«Білім» және «Смарт білім» мектептерінің директоры Айгүл Арынғазиева да өзіне жалақы түспегенін айтады. Оның сөзінше, мұғалімдерге еңбекақы төлеу үшін банк несие алу жолы қарастырылғанымен, шешім бір күнде қабылданбайды.
14 қарашада мектепте өткен жиналыста ұстаздар облыстық білім басқармасы өкілдерін бір сағатқа жуық күтті. Шенеуніктер келіп, жаңа жүйенің жұмысын түсіндіріп, жалақы келесі аптада беріледі деп уәде етті. Олар құжаттарды жаңа базаға жүктеу аяқталған соң, келісімшарттар автоматты түрде рәсімделетінін айтты.
Алайда мұғалімдер жалақы кешігуіне мектеп емес, мемлекеттік органдар кінәлі екенін айтып, жауапты тараптан нақты кепілдік сұрады. Білім басқармасы өкілдері «оптимизм жоғалтпауға» шақырып, мерзімдерге жеке жауап бере алмайтындарын жеткізді.