Ақтау әуежайында 2 жасар баланың қолы эскалаторға қысылып қалған
Ақтау әуежайы эскалатордан жарақат алған екі жасар балаға 2 миллион теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуі тиіс. Бұл туралы Жоғарғы соттың баспасөз қызметі хабарлады.
Хабарламада: «Барлық мән-жайды ескере отырып, сот әуежайдан баланың заңды өкіліне 2 млн теңге моральдық зиянды өндіріп алу туралы шешім шығарды. Үкім заңды күшіне енді», – делінген.
Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2024 жылдың жазында елорда тұрғыны екі баласымен бірге Астанадан Ақтауға ұшып келген. Терминалдан шыққаннан кейін екі жасар қыз бала жолаушыларға арналған шығу есігі арқылы кері қайтып, ғимаратқа өздігінен қайта кірген.
Әуежайдың мәліметінше, ғимарат ішінде қыздың қолы қозғалып тұрған эскалатор механизмінің арасына қысылып, саусақтары ашық жарақат алып, бірнеше сүйегі сынған. Ол балалар ауруханасында емделген. Дәрігерлердің айтуынша, он жасқа толғаннан кейін қызға саусақтарын қалпына келтіру үшін қосымша операция қажет болады.
Зардап шеккен баланың анасы моральдық зиянды өтеуді талап етіп сотқа жүгінген. Әуежай өкілі талапты мойындамаған, оқиға баланың өздігінен эскалаторға жақындауы салдарынан болды деп түсіндірген.
Алайда Жоғарғы соттың мәліметінше, сот процесінде қаралған бейнежазбада әуежай инспекторы қыздың қолынан ұстап, жолаушыларға арналған шығу есігі арқылы ғимаратқа кіргізіп тұрғаны көрінеді. Бір сәтте ол анасына қарай бұрылып, оны ішке кіргізбей тоқтатпақ болғанда, баланың қолын жіберіп алған. Сол сәтте қыз бақылаусыз қалып, жарақат алған.
Сот инспектордың еңбек құжаттары — жұмысқа қабылдау бұйрығы, лауазымдық нұсқаулық және салынған тәртіптік жаза — оның әуежай аумағында қауіпсіздік пен өткізу тәртібін қамтамасыз ету міндеті болғанын дәлелдейтінін атап өтті.