Алматыда ЖИ көмегімен «ақылды қала» жүйесі дамытылып жатыр
Алматыда жасанды интеллект пен заманауи технологиялар қолданылып, қала өмірін жеңілдететін «ақылды қала жүйесі» енгізіліп жатыр. Қалалық цифрландыру басқармасы қолға алынған негізгі жобалар жайында баяндады.
Алматыда жасанды интеллект технологияларына сүйенетін TargetEYE бейнеаналитика платформасы арқылы Бірыңтас бейнебақылау жүйесі (ББЖ) іске қосылған болатын. Бұл – тек Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ жоба екені Алматының цифрландыру басқармасы басшысының орынбасары Мейрам Дүйсековтің ресми жауабында атап өтілді.
Қала бойынша жүйеге қазір 50 мыңнан астам бейнекамера қосылған, оның 2,2 мыңы бет-әлпетті тану функциясымен жабдықталған. Жыл соңына дейін камера санын 70 мыңға дейін арттыру жоспарлануда.
Басқарманың мәліметінше, бірыңғай жүйе қаланың әр нүктесінен түсетін бейнелерді нақты уақыт режимінде Жағдаят орталығының бірыңғай терезесіне жинап, қауіпсіздік пен қоғамдық тәртіпті жедел бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге қалалық инфрақұрылымды басқарудың тиімділігін арттырады.
Жасанды интеллект алгоритмдері адамдардың топталуын, күдікті әрекеттерді, төбелес, қару, өрт немесе түтін белгілерін автоматты түрде анықтайды. Сондай-ақ жүйеде адамдар мен көліктерді сипаттама бойынша іздеу мүмкіндігі бар.
Жол сапасын бақылаудың жаңа тәсілі
Алматыда жолдардың жағдайын бағалау үшін жасанды интеллектке негізделген жоба да іске асқан. Автобустар мен жедел жәрдем көліктеріне орнатылған бейнетіркеуіштер жолдың сапасы туралы деректерді үздіксіз жіберіп отырады, ал AI жүйесі ақауларды автоматты түрде тіркейді.
ББЖ тәулігіне 500 мыңнан астам бейнеаналитикалық оқиғаны өңдейді. Бұл қалалық қызметтердің проактивті басқару моделіне көшуіне жағдай жасап отыр.
Жағдаят орталығының операторлары датчиктер мен камералардан келіп түскен ақпарат бойынша шұғыл әрекет етеді: іздеудегі адамдарды анықтау, өрт пен түтінді байқау, заңсыз қоқыс тастау, төтенше жағдайлар және басқа да оқиғалар тіркеледі.
Коммуналдық сектордағы цифрлық бақылау
Қазір 803 камераның 214-і қоқыс контейнерлерінің толуын, рұқсатсыз үйінділерді және қоқыс шығару кестесіндегі бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды. Басқарма өкілдері бұл шешім коммуналдық қызметтердің ашықтығын арттырып, бюджет қаражатын тиімді пайдалануға жол ашқанын атап өтті. Осылайша қала «Таза Қазақстан» бағыты аясында заманауи цифрлық құралға ие болды.
Әлеуметтік нысандарға орнатылған камералар
Алматыдағы әлеуметтік мекемелер де толықтай бейнебақылау жүйесіне қосылған:
- мектептер — 13 мың камера,
- балабақшалар — 9 мың,
- медицина ұйымдары — 5 мың камера.
Барлық дерек Алматы полиция департаментінің жедел басқару орталығына беріледі. Жасанды интеллекттің көмегімен 2025 жылы 150-ден астам күдікті ұсталған, оның ішінде халықаралық іздеуде жүргендер де бар.
AI модульдері мектеп асханасына кіріп-шыққан оқушылардың санын автоматты түрде есептейді. Бұл ақпарат «Әлеуметтік әмиян» және тегін ыстық тамақпен қамту жүйелерінде қолданылады.
Интеграция және инвестиция
Бейнебақылау жүйесі жабық құрылым емес. Ол ҚР ІІМ мен Бас прокуратураның цифрлық платформаларымен, сондай-ақ өрт және күзет дабылдары сияқты өзге де IP-құрылғылармен интеграцияланған. Бұл ведомстволар арасында жедел әрекет етуге мүмкіндік беретін бірыңғай цифрлық инфрақұрылым қалыптастырды.
Жобаның инвестициялық көлемі мен қаржыландыру көзі әлі де нақтыланып жатыр. Қаражат көлемі мен жеке серіктес туралы ақпарат қала мәслихатында бекітілгеннен кейін жарияланады.
Тұрғындармен байланыс
Алматылықтар OpenAlmaty қоғамдық қабылдау бөлмесі арқылы сұрақтарын жолдай алады. Сондай-ақ Android және iOS жүйелеріндегі OpenAlmaty мобильді қосымшасында да өтініш қалдырып, электронды жауап алу мүмкіндігі бар.
Тұрғын үй-коммуналдық секторда ialma.kz платформасы 40-тан астам қызметті автоматтандырып, 10 мыңнан астам өтінішті қабылдап үлгерген.
Оқушыларға арналған жасанды интеллект курстары
Алматыда мектеп оқушыларына арналған бір жылдық жасанды интеллект бағдарламасы іске қосылған. Бағдарламаға 10 мың оқушы қатысады, олардың ішіндегі үздік мың бала junior-әзірлеуші біліктілігін алып, 1 мың цифрлық өнім әзірлейді.
Жыл соңына дейін екі жаңа орталық іске қосылмақ:
– TUMO Алматы – жасөспірімдерге арналған креатив технологиялар мектебі,
– Tomorrow School – peer-to-peer форматындағы алғашқы жасанды интеллект мектебі.
Сонымен қатар үш жылдық IT және стартап-экожүйесін дамыту бағдарламасы қолға алынып, 300-ге жуық жобаны қолдау, жасанды интеллектіні көлік, медицина, білім беру және коммуналдық салаға енгізу, сондай-ақ 100 млн доллар инвестиция тарту жоспарланып отыр.