Әлем

Украина мен Ресей тұтқындар алмасуына келісті

Украина мен Ресей ұсталған азаматтарды кең көлемде алмастыру туралы келісімге келгені белгілі болды. Бұл ақпаратты Украина Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров мәлімдеді

Умеровтың айтуынша, соңғы күндері Украина президенті Владимир Зеленскийдің тапсырмасымен Түркия және Біріккен Араб Әмірліктерімен белсенді келіссөздер жүргізілген. Бұл елдер тұтқындарды қайтару процесін ұйымдастыруға тікелей атсалысып жатыр.

Хатшының дерегінше, шамамен 1200 украин азаматын қайтару процедурасы дайындалып жатыр.

«Келіссөздердің нәтижесінде тараптар Стамбул келісімдерін қайта іске қосуға келісті. Енді барлық рәсімдік және ұйымдастырушылық мәселелерді нақтылау үшін техникалық консультациялар өтеді. Жұмысты тоқтатпай жалғастырып жатырмыз — біздің азаматтар Жаңа жыл мен Рождество мерекесін отбасымен қарсы алуы үшін», — деп жазды Умеров Telegram-арнасында.

Еске салайық, 2024 жылғы 2 маусымда Стамбулдағы келіссөздер барысында Украина мен Ресей ауыр жарақат алған әскери қызметкерлерді, 25 жасқа дейінгі тұтқындарды және әр тараптан 6000 қаза тапқан жауынгердің денесін өзара қайтаруға уағдаласқан болатын.

Сонымен қатар, қаза тапқандардың денелерін беру процесі жалғасты: ресейлік тараптың мәліметінше, олар Украинаға 6000-нан аса адамның денесін жеткізген, ал Ресей Украинадан 78 адамның денесін алған.