Жылдар бойы тозақта өмір сүрген ана: еркек әйел киімінде билеп, балаларын қорқытып келген
Солтүстік Қазақстанда қоғам шошыған оқиға бойынша жаңа мәліметтер белгілі болды: Петропавл тұрғыны жылдар бойы әйелін қорлап, ұрып-соғып қана қоймай, әлеуметтік желіге әйелдердің іш киімінде түсірген оғаш видеоларын жүктеп отырған.
“НеМолчи.kz“ қорының айтуынша, азаптаудан мүгедек болып қалған көпбалалы ана ақыры қашып құтылып, полицияға шағым түсірген. Ал бес кішкентай бала сол кезде әкесімен үйде қалған.
Полиция мен қорғаншылық органдары отбасыға барып, әйелдің өтінішімен әкімшілік іс қозғады.
Мамандандырылған сот ер адамды кінәлі деп танып, 5 тәулікке қамауға алды және оған 12 ай бойы әйелі мен балаларын рұқсатсыз іздеп табуға, баруға, хабарласуға тыйым салды.
Сондай-ақ ер адамға психологиялық көмек алу міндеттелді. Құқық қорғау органдарының хабарлауынша, қосымша қылмыстық іс те қозғалған. 38 жастағы әйел дене жарақаты туралы арыз бергеннен кейін тергеу басталды. Балалар қазір анасы және әжесінің үйінде қауіпсіз жерде.
Полиция бұл жағдайды толық бақылауға алғанын мәлімдеді. Бұған дейін әйел ешқашан арызданбағаны да анықталды.
Мамандар зорлық-зомбылық көрген кез келген адамға дереу 102 нөміріне немесе 111 желісіне хабарласуды ескертеді.