Бас прокуратура iPhone қолданушыларына алаяқтыққа қатысты ескерту жариялады
Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің Қылмыстық қауіп-қатерлер мен қоғамдық қауіпсіздік тәуекелдерін болжау орталығы iPhone иелеріне қатысты жаңа интернет-алаяқтық тәсілдерінің көбейгенін хабарлады.
Халықаралық ақпарат көздерінің мәліметінше, алаяқтар Apple компаниясының атынан келетіндей етіп жасалған жалған SMS немесе iMessage хабарламаларын таратып жүр. Хабарламада табылған iPhone-ның моделі, түсі және жадының көлемі нақты көрсетіліп, сонымен бірге фишингтік сілтеме тіркеледі. Мұндай жасанды дәлдік хабарды шынайы етіп көрсетеді.
Пайдаланушы көрсетілген сілтемеге өткен жағдайда, ол Apple Find My қызметіне ұқсатып жасалған жалған сайтқа түседі. Сол жерге енгізілген Apple ID логині мен құпиясөзі бірден алаяқтардың қолына өтеді.
Алаяқтық әрекеттердің белсенді таралып жатқанын ескере отырып, мамандар мына ұсыныстарды қатаң сақтауға шақырады:
– күмәнді сілтемелерді ашпау;
– жоғалған құрылғы экранында байланыс деректерін көрсету үшін жеке электрондық поштаны қолдану;
– SIM-картаны міндетті түрде PIN-кодпен қорғау;
– құрылғыны тек ресми icloud.com/find сервисі арқылы тексеру.