Түзеу мекемесіне цемент қабымен 10 телефон алып кірмек болған
Түркістан облысының Ленгер қаласында орналасқан түзеу мекемесіне тыйым салынған заттарды алып өтпек болғандардың әрекеті әшкереленді.
ІІМ мәліметінше, оқиға 11 қараша күні сағат 15:00 шамасында №55 мекеменің тексеру-өткізу бекетінде болған. Кезекші сарбаз Әдлет Нұрланұлы тексеріс кезінде күдік тудырған цемент қапшығын байқап қалған. Тексеру барысында оның ішінен 10 ұялы телефон, 11 SIM-карта және екі қуаттағыш табылған.
Министрліктің дерегінше, бұл — биылдың өзінде тыйым салынған заттарды мекемелерге жеткізуге жасалған ондаған әрекеттің бірі ғана. Жыл басынан бері 36 рет көлік арқылы өткізуге талпыныс тіркелген. Сонымен қатар, колония аумағына 128 рет контрабандалық заттар лақтыру фактісі анықталып, оның жетеуі дрон көмегімен жүзеге асырылмақ болған.
Ұлттық ұландағылардың айтуынша, бүгінде шамамен мыңға жуық әскери қызметкер түзеу мекемелерінің қауіпсіздігін тәулік бойы қамтамасыз етіп отыр.
Қатардағы Әдлет Нұрланұлының қырағылығы мен кәсіби шеберлігі ерекше атап өтілді.