Kaspi мен Halyk енді бір QR арқылы төлем қабылдайды
Бүгін елде бірыңғай банкаралық QR төлем жүйесі іске қосылды
Бұл туралы Алматыда өткен Central Asia Fintech Summit барысында ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді.
Жаңа жүйе арқылы кез келген қатысушы банктің мобильді қосымшасы арқылы төлем жасауға немесе төлем қабылдауға мүмкіндік туады.
Бірыңғай QR жүйесіне мына банктер қосылды: Halyk Bank, Kaspi Bank, Нұрбанк, Freedom Bank, Bereke Bank, RBK Bank, Home Credit Bank, БЦК (Bank CenterCredit), Altyn Bank және ForteBank.
Айта кетсек, бұған дейін — қыркүйек айының соңында — Ұлттық Банк «Ұлттық төлем корпорациясы» базасында банкаралық QR-төлемдер сервисін іске қосқан болатын. Сол кезде сервис алғаш болып Банк ЦентрКредит, Freedom Bank және Home Credit Bank клиенттеріне қолжетімді болған.
Алайда ол кезде кейбір қаржы ұйымдары жаңа жүйеге қосылуға дайын емес екенін айтып, уақытша қарсы болған еді. Енді бірыңғай QR іске қосылуымен бұл кедергілер жойылып, төлем инфрақұрылымы біртұтас экожүйеге біріктіріліп отыр.