Қазақстанға Ресейден төрт амурлық жолбарыс әкелінеді
Мәскеуде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың мемлекеттік сапары кезінде амурлық жолбарыстарды Қазақстанға жеткізу және жерсіндіру жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспарына қол қойылды. Құжат Орталық Азияда жолбарыс популяциясын қалпына келтіруге бағытталған ерекше жобаны бекітеді.
Келісімге Қазақстанның экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев пен Ресейдің табиғи ресурстар министрі Александр Козлов қол қойды. Ресей Қазақстанға төрт амурлық жолбарыс — екі еркек және екі ұрғашы әкеледі. Олар Іле-Балқаш мемлекеттік табиғи резерватында орналастырылады.
Бұл жоба ғылыми әрі тарихи тұрғыдан маңызды. 2009 жылы халықаралық биологтар тобы ДНҚ зерттеулері арқылы Қазақстан аумағында өмір сүрген жойылып кеткен Тұран жолбарысы мен қазіргі амурлық жолбарыстың генетикалық тұрғыдан дерлік бірдей екенін дәлелдеген. Осы жаңалық жойылған түрді қайта қалпына келтіру идеясына негіз болды.
Жолбарыстарды тасымалдау мен ветеринарлық дайындықты Ресей қамтамасыз етсе, Қазақстан олардың жерсінуі мен әрі қарайғы бейімделуін қадағалайды. Жоба WWF (Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры) және БҰҰ Даму бағдарламасының қолдауымен жүзеге асырылады. Бұл ұйымдар жануарлар популяциясын қалпына келтіру, қорықтар құру және табиғатты қорғау бағытында бірлесіп жұмыс істейді.
«2018 жылы Қазақстанда Іле-Балқаш резерватында алғашқы амурлық жолбарыстар пайда болды. Бағдарламаның сәтті жүзеге асуы Қазақстанды жолбарысты тарихи мекеніне қайта оралтқан алғашқы елдердің біріне айналдырады», — деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігінің баспасөз қызметі.