Зейнетақы жарналарын төлемегендердің банк шоттары бұғатталады
Үкімет зейнетақы жарналарын есептеу мен аудару тәртібін реттейтін бірқатар қаулыға енгізілетін өзгерістерді бекітті. Бұл түзетулердің мақсаты — нормаларды Әлеуметтік және Салық кодекстеріне сәйкестендіру, сондай-ақ зейнетақы жүйесін жұмыспен қамтудың жаңа түрлеріне бейімдеу.
Бұл өзгерістер жұмыс берушілерге, өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеке практикамен айналысатындарға және жеке кәсіпкерлерге қатысты. Жаңа ережелер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енеді.
Премьер-министр Олжас Бектенов қол қойған қаулыға сәйкес, енді міндетті кәсіби зейнетақы жарналары (МКЗЖ) Еңбек кодексінде көзделген жұмыскердің барлық ай сайынғы табысынан есептеледі.
Өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданатын жеке тұлғалар үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына (БЖЗҚ) жарналар өздігінен есептеліп, есептік айдан кейінгі айдың 25-іне дейін ай сайын аударылуға тиіс.
«Жеке практикамен айналысатын адамдардың, Әлеуметтік кодекстің 101-1-бабында көрсетілген жеке тұлғалардың, сондай-ақ жеке кәсіпкерлердің міндетті зейнетақы жарналарын есептеу мақсатында алынатын табысы олардың өздері белгілейтін сома болып табылады. Бұл сома Әлеуметтік кодекстің 249-бабының 1-тармағының 2) тармақшасында белгіленген шектерден аспауы керек, бірақ Салық кодексіне сәйкес салық салу мақсатында анықталатын табыстан көп болмауы тиіс (айлық табыс ең төменгі жалақының 50 еселенген мөлшерінен аспауы керек)», – делінген қаулыда.
Сонымен қатар зейнетақы немесе кәсіби жарналар бойынша берешек 6 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) асатын болса, салық органдары төлеушіге хабарлама жібереді.
Егер берешек 10 жұмыс күні ішінде өтелмесе, төлеушінің банк шоттарындағы шығыс операциялар тоқтатылады. Бұл жағдайда тек бюджетке төлемдер, салықтар, әлеуметтік жарналар, өсімпұлдар мен айыппұлдарды төлеу операциялары ғана рұқсат етіледі.
Түзетулер міндетті зейнетақы жарналарына (МЗЖ) да қатысты. 2026 жылдан бастап оларды тек дәстүрлі жұмыскерлер ғана емес, сондай-ақ жеке практикамен айналысатын тұлғалар; өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданушылар; интернет-платформалар мен (немесе) платформалық жұмыспен қамтуға арналған мобильді қосымшалар арқылы қызмет көрсететін тұлғалар (бұл жағдайда МЗЖ төлеу агенті ретінде оператор әрекет етеді).