Жаңалықтар

Балаларға әлеуметтік желілерге тіркелуге тыйым салынуы мүмкін

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов балалардың әлеуметтік желілерге тіркелуіне жас шектеу қою мәселесін көтерді. Ол бұл туралы жасанды интеллект министрлігі өкілдеріне сауал жолдады.

Қазір балалар TikTok пен Instagram секілді желілерде 5–6 жасынан бастап-ақ ата-анасының келісімінсіз және ешқандай жеке растамасыз аккаунт аша алады.

«Басқа елдерде мұндай шектеулер әлдеқашан енгізілген. Мысалы, Дания мен Австралияда тіркелу 15–16 жастан бастап рұқсат етіледі. Ал АҚШ, Англия және Ирландияда ата-ананың арнайы келісімі мен міндетті верификация қажет. Біз де осы заң аясында осындай норманы қарастыра аламыз», — деді Аймағамбетов.

Депутат сонымен қатар мектептерде смартфон пайдалануға тыйым салу тақырыбын да қозғады. Оның айтуынша, Англия мен Нидерландта, сондай-ақ қазақстандық жетекші білім ордалары — НЗМ мен БИЛ мектептерінде мұндай шектеулер енгізіліп, оң нәтиже берген: оқушылардың үлгерімі артқан, бір-бірімен қарым-қатынасы жақсарған.

Ал Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун әзірге мұндай бастама Цифрлық кодекс аясында қарастырылмағанын айтты.

«Біз толық тыйым салуды жоспарламаймыз. Басты мақсат — балалардың технологияны, интернет пен жасанды интеллектті қауіпсіз пайдалануы үшін жағдай жасау», — деді ол.