Хромтау әкімі қамауға алынды
Хромтау қаласының әкімі Сағындық Шабықбаев екі айға қамауға алынды. Бұл туралы Ақтөбе облыстық соты хабарлады, деп хабарлайды newsroom.kz порталы Kazinform дерегіне сүйеніп.
Соттың баспасөз қызметі таратқан мәліметке сәйкес, бұлтартпау шарасы Қазақстан Қылмыстық кодексінің «Пара алу» бабымен қозғалған қылмыстық іс аясында таңдалған.
«Сот екі ай мерзімге қамауға алу туралы санкция берді. Істің өзге мән-жайлары тергеу мүддесіне байланысты жария етілмейді», – делінген хабарламада.
Акиматтың дерегінше, 40 жастағы Сағындық Шабықбаев 2023 жылы Хромтау қаласының әкімі қызметіне тағайындалған. Бұған дейін ол осы қаланың әкімінің орынбасары болып істеген. Еңбек жолын 2008 жылыАйтекеби ауданының Халыққа қызмет көрсету орталығында бастаған.