Биыл жан басына шаққандағы ЖҢӨ алғаш рет 15 мың доллардан асады — Жұманғарин
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғариннің мәлімдеме жасады.
Биыл біз алғаш рет ІЖӨ көлемін 300 млрд межесінен асырамыз. Бұл — тарихи оқиға. Сондай-ақ алғаш рет жан басына шаққандағы көрсеткіш 15 мың долларға жетеді.
Кірістердің төмендеуі туралы пікірлермен келіспеймін. Халықтың табысы азайған жоқ, бірақ өсу қарқыны жеткілікті деңгейде емес. 2025 жылдың қаңтар–наурыз айларындағы нақты жалақы индексі 101,2-ні құрады. Толық деректер жыл қорытындысы бойынша белгілі болады.
Қазір бізде тек жартыжылдық деректер бар. Айта кетейін, 2015–2017 жылдары халық табысының өсуі теріс мәнде болды. 2019–2022 жылдары өсім шамамен 8% болса, 2023–2024 жылдары ол 2,5%-ға жетті. Бұл ең алдымен әлеуметтік шығындардың айтарлықтай артуының нәтижесі. 2020 жылдан бері әлеуметтік салаға бөлінетін қаржы бірнеше есе көбейді. Жыл сайын Ұлттық қордан шамамен 5 трлн теңге әлеуметтік бағдарламаларға бөлінеді, олардың 60–70% тікелей әлеуметтік салаға бағытталады. Қазақстан бүгінде Орталық Азиядағы ең әлеуметтік мемлекеттердің бірі.
Экономиканы дамытудың басты мақсаты – азаматтардың әл-ауқатын арттыру. Көптеген дамыған елдерде экономикалық өсімнің өзі басты мақсат ретінде қойылмайды; олардың басымдығы – әлеуметтік мемлекет құру, яғни азаматтардың қажеттіліктері мен өмір сапасын қамтамасыз ету, әсіресе солтүстік елдерде. Бұл – біздің де болашағымыз, әрі маңызды міндетіміз.
Жарты жыл ішінде номиналды жалақы 10,7% өсті, бұл өткен жылмен салыстырғанда жақсы көрсеткіш. Негізгі себеп – инфляция. Қазіргі уақытта ол 12,6% (бұған дейін 12,9%) деңгейінде және біртіндеп төмендеп келеді. Біз жыл соңына дейін инфляцияның одан әрі төмендеуін күтеміз, себебі тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Сонымен қатар экономиканы әртараптандыру бағытында шаралар қабылдануда. Компаниялар табыстың бір бөлігін тек жалақы өсіруге емес, негізгі капиталға инвестициялауға да бағыттап отыр. Қазіргі таңда негізгі капиталға салынған инвестициялар 13,5% өсіп, шамамен 13,8 трлн теңгеге жетті. Бұл өте жақсы нәтиже.
Экономика өсіп келеді: өнеркәсіп көлемі 7,3% артты. Өткен жылы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 12,4%-ды құрап, тарихта алғаш рет тау-кен саласының (12%) үлесінен асып түскен еді. Ал биыл тау-кен өнеркәсібінің өндіріс көлемі ұлғайғандықтан, өңдеу секторы бұл көрсеткішті басып оза алмайды. Физикалық көлем индексі өндіріс көлемінің өсуі бойынша есептеледі, ал келесі жылы тау-кен өнеркәсібінің өсу қарқыны баяулайды деп күтілуде.
Қызмет көрсету секторы да өсіп келеді: құрылыс – 17% (жыл соңына қарай 15% күтіледі), көлік – 21–22%, сауда – 8,8% (жыл соңына қарай 8,6% деңгейінде болжануда).