Жаңалықтар

100 мың теңге үшін 7 жыл: жүргізуші өзінен пара сұраған полицейді ұстап берді

Ақтөбе облысында полиция қызметкері пара алғаны үшін 7 жылға сотталды. Ол Алға аудандық полиция бөлімінің 28 жастағы қызметкері болған.

Тергеу деректеріне сүйенсек, ол әріптесімен бірге «Ақтөбе–Астрахань» тасжолында патрульдік қызмет атқарып жүрген. Сол кезде Алға қаласына кіреберісте Hyundai Accent көлігін тоқтатып, жүргізуші әйелді алкоголь ішкен деп күдіктенген.

Тексеруден өткізу орнына әйелден 100 мың теңге талап еткен. Айтуынша, бұл ақша үшін ол медициналық сараптама жүргізуден «құтқарып», болашақта да жауапкершілікке тартпауға уәде берген.

Бірақ әйел бұл жағдай туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке хабар беріп, ақша беру сәті арнайы құжатталған.

Сот отырысында айыпталушы өзіне тағылған айыпты мойындамағанымен, тергеу дәлелдері жеткілікті деп танылды. Нәтижесінде сот оны кінәлі деп танып, 7 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті.

Сонымен қатар оған мемлекеттік қызметте өмір бойы жұмыс істеуге тыйым салынды және жәбірленушіге 1 миллион теңге өтемақы төлеу міндеттелді.

Бұл іс – «құқық қорғау органында жұмыс істеу жауапкершілік пен адалдықты талап етеді» дегеннің нақты дәлелі болды.