Тоқаевтың “Мәңгі достық” атты мақаласы Ресей басылымында жарық көрді
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ресейдің «Российская газета» басылымында «Мәңгі достық – халықтарымыздың бағдар жұлдызы» атты мақала жариялады. Мемлекет басшысы онда Астана мен Мәскеудің өзара қарым-қатынасының тарихи маңызы мен қазіргі кезеңдегі стратегиялық серіктестігі туралы кеңінен баяндады.
Президенттің айтуынша, қазақ және орыс халықтары ғасырлар бойы көршілік пен өзара қолдаудың үлгісін көрсетіп келеді.
«Бізді ортақ тарих, мәдени құндылықтар және бейбітшілікке ұмтылыс біріктіреді. Екі елдің достығы – Еуразия кеңістігіндегі тұрақтылықтың кепілі», – деп жазды Тоқаев.
Мақалада Қазақстан тәуелсіздік алған сәттен бастап Ресеймен достық пен өзара көмек туралы алғашқы келісімге қол қойғаны, содан бері бұл бағыт ел сыртқы саясатының басым бағыты болып келе жатқаны атап өтілген. Мемлекет басшысы екі ел арасындағы «мәңгі достық» қағидаты жай сөз емес, стратегиялық серіктестіктің нақты саяси негізі екенін айтты.
Тоқаевтың пікірінше, Астана мен Мәскеу арасындағы сенім мен өзара құрметке негізделген байланыс бүгінде жан-жақты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.
«Біздің ынтымақтастығымыз тек мемлекетаралық емес, халықтық сипатқа ие. Бұл – шынайы достықтың белгісі», – деді ол.
Президент сондай-ақ Владимир Путиннің Қазақстан мен Ресей арасындағы тығыз байланыстарды нығайтуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Оның айтуынша, былтыр Ресей президентінің Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары екіжақты серіктестікті жаңа деңгейге шығарған тарихи оқиға болды.
Тоқаев алдағы Мәскеуге мемлекеттік сапары аясында екі ел арасындағы қатынастарды «жан-жақты стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне» көтеру туралы декларацияға қол қойылатынын мәлімдеді. Бұл құжат, президенттің айтуынша, өзара сенім мен бірліктің жаңа дәуірін ашады.
Мақалада екі ел арасындағы экономикалық байланыстардың ауқымы да нақты деректермен келтірілген. Қазір Ресей Қазақстанның үш ірі сауда серіктесінің бірі болса, Қазақстан Ресейдің алғашқы бес негізгі серіктесінің қатарында. Екі ел арасындағы тауар айналымы 30 млрд долларға жуықтаған.
Сонымен қатар энергетика, көлік-логистика және жоғары технология салаларындағы бірлескен жобалар – серіктестіктің берік діңгегі ретінде сипатталады. Президент атап өткендей, Қазақстан аумағы арқылы Ресейдің энергетикалық ресурстары Қытай мен Орталық Азия елдеріне үздіксіз жеткізіліп отыр, ал екі елдің бірлескен өнеркәсіптік жобаларының жалпы құны 50 млрд доллардан асады.
Мемлекет басшысы сондай-ақ ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты ерекше атады. Бүгінде Қазақстанда Ресейдің тоғыз жоғары оқу орнының филиалы жұмыс істейді, ал Омбы қаласында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің алғашқы шетелдік филиалы ашылған.
Тоқаев Қазақстандағы орыс тілінің мәртебесіне де тоқталып, оны «мәдени және гуманитарлық көпір» деп сипаттады. Ол халықаралық деңгейде орыс тілін дамыту бастамасын ұсынғанын да еске салды.
«Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы – формалды емес, нақты мазмұнға ие серіктестік. Ол уақыт сынынан өткен, жаңа дәуірдің сын-қатерлеріне бейімделе алатын серіктестік», – деп түйіндеді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент 11–12 қараша күндері Мәскеуге мемлекеттік сапармен барады. Сапар барысында Владимир Путинмен келіссөздер өткізу және Қазақстан мен Ресейдің XXI өңіраралық ынтымақтастық форумының пленарлық отырысына бейнебайланыс арқылы қатысу жоспарланған.