Жаңалықтар

Барселонада Димашпен ән айтқан қазақ қызы кім? (ФОТО)

Димаш Құдайберген Испанияда өткен концертінде көрермендер арасынан бір қызды сахнаға шақырып, онымен ән шырқады. Ол 15 жастағы қазақ қызы екен! Newsroom.kz тілшісі Барселона төрінде Димашпен бірге  ән шырқаған Жанел Әлінің анасымен сұхбаттасты. 

Ол танымал әншінің ұсынысымен «Ұмытылмас күн» әнін бірге орындады.

Испанияның Барселона қаласында өткен Димаш Құдайбергеннің концерті елдің ерекше назарын аударды. Себебі сахнаға 15 жастағы қазақ қызы — Жанел Әлі шақырылып, әйгілі әншімен бірге ән шырқады.

Жанел Астана қаласында дүниеге келген. Қазір отбасымен Испанияның Аликанте қаласында тұрады. Анасы Гүлшаһардың айтуынша, отбасы 2022 жылы жұмыс бабымен Испанияға көшкен.

— Қызым қазір консерваторияда опера әншісі мамандығында оқиды. Сонымен қатар 10-сыныпта білім алады. Музыкаға бала кезінен әуес, бірнеше авторлық әні бар, — дейді ол.

Сондай-ақ, ол Астанадағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясында эстрадалық вокалдан сабақ алған екен.

Димаштың концертіне олар көрермен ретінде барған.

— Концерт туралы әлеуметтік желіден көріп, бірден билет сатып алдық. Димаштың шығармашылығын бұрыннан жақсы көреміз. Жанел арнайы ұлттық нақыштағы қазақ көйлегін киіп барды, — дейді анасы.

Оның сахнаға шығуы мүлде күтпеген тосын жағдай болған. Сол кеште Димаш көрермен арасынан Жанелді байқап қалып, сахнаға шақырған. Әнші күлімдеп:

“Жиырма мың испандықтың арасында бір өзің не істеп жүрсің, жаным-ау?!” — деп әзілдей сұрады.

Жанел сахнаға көтерілгенде қобалжыса да, өз-өзіне сенімді болды. Ол Димаштың “Қай әнді бірге орындаймыз?” деген сұрағына ойланбастан “Ұмытылмас күн” деп жауап берді.

Сол сәт зал толқып, екі қазақ Испания сахнасында туған елдің әнін әуелете орындады.

Көрермендер ерекше әсерленіп, қошемет көрсетті. Ал Димаш жас өнерпазға өз тілегін арнады.
Сондай-ақ, Жанел Әлі Испаниядағы "Бала дауысы" жобасының финалисі екен.

— Бұл біз үшін үлкен қуаныш, — дейді анасы Гүлшахар. — Қызым сахнадан түскен соң маған: “Анашым, мен түс көріп тұрғандаймын, шынымен болды ма?” — деді. Сол сәт нағыз ертегідей ғажайып болды!