Жамбылда 16 жастағы студенттің денесі табылды
Ол өз-өзіне қол жұмсаған болуы мүмкін.
Жамбыл облысының Байзақ ауданындағы Сарыкемер ауылында қайғылы оқиға тіркелді. Алдын ала мәліметке сүйенсек, №3 Байзақ колледжінің 16 жастағы студенті өз-өзіне қол жұмсаған.
Оқиғаға дейін жасөспірім әкесінің көлігіне зақым келтіргені айтылып отыр. Көп ұзамай оны үйдің шаруашылық бөлігінен өлі күйінде тапқан. Қазір полиция барлық нұсқаны қарастырып, істің мән-жайын анықтап жатыр.
Көршілері мен таныстарының айтуынша, марқұмның отбасы үлгілі, ата-анасы жұмыс істейді, үлкендері – студент, ал кенже қызы мектепте оқиды.
Бұған дейін өңірге оқушылар арасындағы өз-өзіне қол жұмсау деректерінен кейін Білім министрі Жұлдыз Сүлейменова мен бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева бастаған республикалық комиссия келген еді.
Мемлекеттік органдардың назар аударуына қарамастан, кәмелетке толмағандар арасындағы суицид мәселесі өңірде де, ел көлемінде де өзекті күйінде қалып отыр.