«Сакура» тұрғын үй кешенінің тұрғындары жылумен қамту мәселесін шешкені үшін Алматы әкіміне алғыс білдірді
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды Бостандық ауданына жасаған жұмыс сапары барысында «Сакура» тұрғын үй кешеніне барып, тұрғындармен және басқарушы компаниямен кездесті. Тұрғындардың негізгі өтініші — жылумен үздіксіз қамту және кешеннің инженерлік жүйелерінің тұрақты жұмысы болды.
Кездесу барысында тұрғындар жылу мен сумен жабдықтаудың тұрақтылығы және қазандық жабдықтарының жағдайына қатысты мәселе көтерді. Құрылыс компаниясы мен қаланың тиісті қызметі атқарылған жұмыс туралы баяндады. Қазіргі таңда үш қазандық толық жұмыс істеп тұр. Сондай-ақ, тұрғын үй кешені орталық су жүйесіне қосылған, апатты жағдай туындағанда қолданылатын қосалқы желі де қамтамасыз етілген.
Бұдан бөлек, құрылыс компаниясы газ бойынша берешектің бір бөлігін өтеді, басқарушы компанияның қаржылық міндеттемелерін реттеу бойынша жұмыс жалғасуда. Берешекті өндіріп алу туралы сот шешімі орындалды, жағдай қала тарапынан бақылауда тұр.
Қала әкімі тұрғын үй қоры нысандарын уақытылы қызмет көрсетумен қамтамасыз ету және тұрғындар алдындағы міндеттемелерді сақтау маңызды екенін атап өтті. Тиісті басқармаларға инженерлік жүйелерді тұрақты мониторингтен өткізіп, өтініштерге жедел жауап беруді және мұндай жағдайлардың қайталанбауын қамтамасыз етуді тапсырды.
Тұрғындар қалалық қызметтердің жедел араласқаны және жылумен қамтудың қалпына келтірілгені үшін алғыс білдіріп, жүйенің тұрақтануы оң нәтиже беріп жатқанын атап өтті.