Павлодардағы жол апаты: төрт адам жан сақтау бөлімінде
Республикалық маңызы бар тасжолда болған ірі жол-көлік оқиғасынан кейін Экибастұз қалалық ауруханасында жолаушылар ем қабылдап жатыр. Медициналық мекемеде 17 адам жатыр, оның төртеуі жансақтау бөлімінде.
Жол апаты 7 қараша күні кешкі уақытта Шідерті – Астана автожолында, Шідерті ауылынан шамамен 10 шақырым жерде орын алған. Ішінде 50-ден астам жолаушысы бар рейстік автобус аударылып, жол жиегіне түскен. Оқиға орнына бірнеше жедел жәрдем бригадасы және Төтенше медицина орталығының мамандары шұғыл жетті. Өкінішке қарай, бір адам дәрігерлер келгенге дейін көз жұмды.
Апат салдарынан трассада қозғалыс айтарлықтай шектеліп, ұзақ кептеліс пайда болды.
Жарақат алғандардың жағдайы
Экибастұз қалалық ауруханасының бас дәрігері Қайрат Мұрзалиннің айтуынша, дәрігерлерге бір мезетте көптеген пациентті қабылдауға тура келген — жарақаттанғандар сегіз жедел жәрдем көлігімен жеткізілген. Қосымша травматологтар мен хирургтар тартылды.
Зардап шеккендерден жабық бас-ми жарақаттары, түрлі сүйек сынықтары және көпжарақат диагноздары қойылған. Төрт адамның жағдайы ауыр, бірақ тұрақты. Қалғандары травматология бөліміне жатқызылған, олардың жағдайы орташа ауырлықта деп бағаланады.
Тергеу басталды
Алдын ала деректер бойынша, автобус Новосибирск – Қарағанды бағытында жүріп бара жатқан. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, оқиғаның себептері мен мән-жайы анықталуда.