Жаңалықтар

Қазақстан жолдарында ескі мотоциклдер қаптап кетті

Energyprom.kz дерегінше, Қазақстанда мотоциклдер мен мопедтердің жартысынан астамы 20 жылдан ескі.

2025 жылдың қыркүйегі қорытындысы бойынша елде 136,6 мың мотоцикл, мопед, квадроцикл және трицикл тіркелген. Сәуірден бері олардың саны бірден 17,9 пайызға артқан.

Мотокөліктердің жалпы автокөлік санына шаққандағы үлесі 2,3 пайызға жетті. Тек қыркүйек айының өзінде 2,6 мың жаңа мотокөлік тіркелген.

Ең көп мотокөлік Алматы облысы мен Алматы қаласында: тиісінше 28,1 мың және 18 мың. Одан кейінгі орындарда – Шығыс Қазақстан (10,9 мың), Қарағанды (8 мың) және Солтүстік Қазақстан (7,5 мың) облыстары.

Елдегі мотокөліктердің жартысынан астамы 20 жылдан асқан «кәрі темірлер»: олардың саны 72,8 мыңға жетеді. Тек Алматы облысының өзінде 20 мыңнан астам ескі мотоцикл тіркелген.

Сонымен қатар, тіркелген көліктердің үштен бірі — соңғы үш жылда шығарылған жаңа техника (41,7 мың бірлік).

Мотокөліктердің 95 пайызы бензинмен жүреді. Электр қуатымен жүретіндері небәрі 1,3 мың, дизель не газбен қозғалатындары — мыңға да жетпейді.