Омар Жәлел тоқал алғанына өкінді ме?
Белгілі филолог Омар Жәлел өзінің Facebook парақшасында тоқал алу мәселесіне қатысты жеке пікірін бөлісіп, өткен шешіміне өкініш білдірді.
«Тоқал жайлы әңгіме – былжырақ әңгіме. Менің айналамда тоқал алып оңған адамды көргенім жоқ. Соның бірі – менмін», – деп бастайды жазбасын автор.
Ол тоқал алу қазіргі заманда қажеттіліктен емес, көбіне нәпсінің қалауы мен мақтанның жемісі екенін ашық мойындайды.
«Бұрын тоқал алу – өмірлік қажеттілік болса, қазір – құмарлық пен нәпсінің жетегі. Ұрпақ керек десек те, оны бір әйелден де өрбітуге болады», – дейді Омар Жәлел.
Филолог өз сөзінің әсерінен кей азаматтардың тоқал алуға талпынғанына өкініш білдіріп, қоғам алдында жауапкершілігін сезінетінін де атап өтті:
«Көп жігіттер менің сөзіме ерді. Сол себепті мен “тоқал алмаңдар” деп ашық айтқым келеді. Өз тәжірибемнен түйгенім – отбасының шырқын бұзуға болмайды. Егер менің әсерімнен бір отбасы бұзылған болса, иіліп тұрып кешірім сұраймын».
Ол тоқал алу идеясын өзі де “қате жол” деп танып, қазіргі қоғамға бұл дәстүрдің жарамайтынын жеткізді
«Мен – өз идеямның құрбанымын. Бұл идея іс жүзінде өзінің дұрыс еместігін көрсетті. Тоқал алу – бұрын даналықпен, өмірлік қажеттілікпен шешілген мәселе еді. Ал қазір заман басқа».
Омар Жәлелдің бұл жазбасы әлеуметтік желіде қызу талқылануда.