Жаңалықтар

Лавровтың ықпалы әлсірей бастады ма?

Ресей сыртқы істер министрі Сергей Лавров елдегі және халықаралық деңгейдегі маңызды кездесулерден шет қалды, деп хабарлайды newsroom.kz.

5 қараша күні Владимир Путин өткізген Қауіпсіздік кеңесінің жедел жиынына Лавров шақырылмаған. Басқосуда елдің қорғаныс саясаты мен ядролық сынақтарды қайта бастау мүмкіндігі талқыланған. Бұл – Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты мүшесі бола тұра, Лавровтың қатыспаған алғашқы отырысы.

Ресми дереккөздер мұны «келісілген себеппен қатыспады» деп түсіндіргенімен, сыртқы саясаттағы соңғы сәтсіздіктер мен министрліктегі кадрлық өзгерістер оның беделіне қатысты жаңа сұрақтар тудырды.

Сондай-ақ, Лавров бұдан былай G20 және АСЕАН саммиттерінде Ресей делегациясын басқармайды. Оның орнына вице-премьер Алексей Оверчук пен президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Максим Орешкин барады. Кремль бұл шешімнің Путиннің жеке бастамасы екенін мәлімдеді.

Батыс басылымдары Лавровтың бұл «шеттетілуін» Ресей мен АҚШ арасындағы келіссөздердің сәтсіздігімен байланыстырады. Financial Times жазуынша, министрдің соңғы телефон әңгімесінен кейін Вашингтон «Мәскеу диалогқа дайын емес» деген қорытынды жасап, Трамп пен Путин кездесуін кейінге қалдырған.

Кейбір дереккөздер тіпті Путин мен Лавров арасында қатаң сөйлесу болғанын, министрге қатысты қызметтік тексеріс басталғанын хабарлайды.

Сарапшылардың пікірінше, Лавровтың Ресей сыртқы саясатындағы рөлі соңғы жиырма жылда алғаш рет әлсіреп отыр. Бұрын ол Кремльдің басты келіссөз жүргізушісі саналса, бүгінде рөлі негізінен ресми өкілдік сипатында ғана қалып барады.