Бангкокта өткен «Әлем аруы – 2025» байқауында күтпеген жанжал орын алды. Бірнеше қатысушы ұйымдастырушының сөзіне наразы болып, салтанатты рәсімді тастап шыққан.
Айта кетейік, дау Азия–Тынық мұхиты аймағының вице-президенті Дача Ицарагрисиланың тікелей эфирдегі мәлімдемесінен кейін басталды. Ол Мексика өкілі Фатима Бошты демеушілік шараға қатыспағаны үшін «тәрбиесіз» және «ақылсыз» деп көпшілік алдында кемсіткен.
Осыдан кейін Фатима сахнадан кетіп қалды, ал оның артынан басқа да қатысушылар, соның ішінде қазіргі «Әлем аруы» титулының иегері — Дания өкілі де залды тастап шыққан. Кейін ол Instagram парақшасында:
«Өз абыройыңды қорғау — бұл әлсіздік емес, күштің белгісі», – деп жазды.
Оқиға әлеуметтік желілерде үлкен талқы туғызды. Қатысушыларды қолдау мақсатында ашылған хэштегтер бірнеше сағат ішінде әлемдік трендке айналды.
Кейін Ицарагрисила жағдайды түсіндіруге тырысып, «Мексиканы келесі жолы шақырмауға да болады» деген сөз айтып, жағдайды одан сайын ушықтырған.
Фатима Бош журналистерге берген сұхбатында:
«Мен Таиланд халқына үлкен құрметпен қараймын. Бірақ ұйымдастырушының әрекеті – нағыз құрметсіздік», – деді.
Мексикадағы «Әлем аруы» ұлттық ұйымы өз өкілін қорғап, ешбір әйелдің қорлауға лайық еместігін мәлімдеді. Қазір жағдайды тексеру үшін Таиландқа арнайы делегация жіберілді.
Соған қарамастан, Фатима Бош байқаудағы қатысуын жалғастыратынын хабарлады.
Ал жанжал тудырған ұйымдастырушы кейін көпшілікке видеоүндеу жасап, былай деп кешірім сұрады:
«Кімде-кім өзін жайсыз сезінсе, мен барлығымыздың атынан кешірім сұраймын».