Жаңалықтар

Жалған психологтар отбасының берекесін қашырып жатыр – депутат  Үкіметтен араласуды талап етті

Елімізде алаңдатарлық үрдіс байқалып отыр: өзін «коуч» немесе «психолог» деп таныстыратын жалған мамандар адамдардың жеке өміріне араласып, талай отбасының шырқын бұзуда. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Амангелді Есбай мәлімдеп, Премьер-Министр Олжас Бектеновке ресми сауал жолдады.

Депутаттың айтуынша, бұл салада нақты бақылау мен заңдық реттеу тетіктерінің болмауы азаматтардың қауіпсіздігіне елеулі қатер төндіреді.

«Психологиялық қызметке қатысты заңдық негіздің жоқтығы елдегі әлеуметтік және рухани қауіпсіздікке нұқсан келтіруі мүмкін», – деді Есбай.

Оның сөзінше, кәсіби білімі жоқ «тренерлер» мен «коучтар» ерлі-зайыптылардың жеке қарым-қатынасына араласып, адамдардың санасын сан-саққа жүгіртеді. Соның салдарынан көптеген отбасы ажырасуға дейін барады.

«“Отбасылық кеңес береміз” деген желеумен олар әйелдерге “күйеуіңді қалай тәрбиелеу керек”, “балаңа қалай үстем болу қажет” немесе “ажырасу — жаңа өмірдің бастауы” деген сияқты теріс кеңестер айтады. Мұндай сөздер берекелі отбасының түтінін өшіріп жатыр», – деп атап өтті депутат.

Амангелді Есбайдың пікірінше, мұндай жалған мамандардың әрекеті елдегі ажырасу көрсеткішінің артуынажәне отбасылық құндылықтардың әлсіреуіне тікелей әсер етіп отыр.

Сонымен қатар, ол «коучтар» мен «мотивациялық спикерлердің» қаржылық тренингтер арқылы да халықты алдап жүргенін айтты.

«“Санаңды өзгертсең – миллионер боласың” деп сендіріп, адамдарды несие алуға итермелейді. Соның салдарынан талай адам қарызға батып, тығырыққа тіреледі», – деді депутат.

Осыған байланысты ол Үкіметке психологтар мен коучтардың қызметін заңмен реттейтін жүйе әзірлеуді, мамандардың ұлттық тізілімін жасауды және этикалық нормаларды бұзғандарға жауапкершілік жүктеудіұсынды.