weather Астана: --°C
weather Алматы: --°C
weather Шымкент: --°C
Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search

Жылу сақшылары: Газ мамандарының көрінбейтін еңбегі

Қазақстанда жылу маусымы басталысымен газ мамандары күшейтілген жұмыс тәртібіне көшеді. Бұл газ жүйесі ең жоғары жүктемемен жұмыс істейтін кезең. Миллиондаған үйдің жылуы осы мамандардың ұқыптылығы мен тәртібіне байланысты.

Жылу сақшылары: Газ мамандарының көрінбейтін еңбегі

Алайда газ қауіпсіздігіне ең үлкен қауіп әлі де адам факторына қатысты болып отыр. Газ - жай ғана отын емес, ол үйдегі жылу мен тыныштық көзі. Бірақ салақтық пен ережені елемеу ауыр салдарға соқтыруы мүмкін.

Адам немқұрайлылығы, басты қауіп
«QazaqGaz Aimaq» акционерлік қоғамының мәліметінше, 2024 жылғы жылу маусымында компания қызмет көрсететін аймақтарда көлік соқтығысынан 94 газ құбыры зақымданған, 110 рұқсатсыз жер қазу дерегі тіркелген.
2025 жылдың 1 қыркүйегінен бері 23 рұқсатсы зжұмыс және 17 көлік апаты салдарынан зақым анықталды. Бұл, ондаған үй мен әлеуметтік нысандардың уақытша газсыз қалуы деген сөз.
Әрбір осындай жағдайға апаттық қызмет мамандары тәулік бойы, ауа райына қарамастан, дереу шығып, тұрғындарға қайта жылу беру үшін жұмыс істейді.

Бірсәттік салақтық салдары
2025 жылғы 18 қазанда Алматы облысының Шарын ауылында жүк көлігінің жүргізушісі кузовын түсірмей кетіп, газ өткелін сындырып жіберді. Нәтижесінде 56 үй газсыз қалып, 120 метрге жуық құбыр бүлінді.
Тараз қаласында да мердігер ұйым газ қызметімен келісімсіз жұмыс жүргізіп, жерасты құбырын зақымдады. Соның салдарынан мектеп пен тұрғын үйлер жылусыз қалды.
2024 жылы Сарыағаш қаласында BMW көлігі жоғары қысымды газ құбырына соғылып, екі жерден жарылыс болып, 7 мың абонент пен 170 кәсіпорын уақытша газсыз қалды.
2025 жылы Алматыда Ремизовка шағын ауданында жүк көлігі газ тірегін қағып, 50 абонент пен «Көктем» шипажайы жылусыз қалды.
Бұл мысалдар салақтықтың бағасы тек материалдық шығын емес, адамдардың қауіпсіздігі екенін дәлелдейді.

«Қазбас бұрын хабарлас» қағидасы
Халықаралық тәжірибеде мұндай апаттардың алдын алу үшін «Call Before You Dig» - «Қазбас бұрын хабарлас» қағидасы қолданылады. АҚШ-та мердігерлер кез келген қазу жұмысына кіріспес бұрын 811 бірыңғай нөміріне хабарласады. Бұл жүйе апаттардың 99 пайызын болдырмауға мүмкіндік берді.
Қазақстанға да осындай бірыңғай жүйе қажет. Инженерлік желілерді қамтитын цифрлық база және ескерту жүйесі апаттардың санын азайта алады. Әзірге кез келген азамат немесе мердігер 5-104 нөміріне хабарласып, жоспарланған жұмыстар туралы ескертуге тиіс.

Қауіпсіздікті бақылайтын технологиялар
«QazaqGaz Aimaq» АҚ газ желілерін электронды картаға түсіріп, әрбір құбырдың орнын нақты координаттармен белгілеп шықты. Бұл мамандарға профилактикалық жұмыстарды жоспарлауға және бөгде араласудың алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар компания ақылды есептегіштерді енгізіп, газ тұтынуды қашықтан бақылау жүйесін дамытып келеді. Бұл ашықтықты арттырып, газ шығынын азайтады.
Жылуды сақтайтын адамдар
«QazaqGaz Aimaq» бүгінде еліміз бойынша 12,7 миллион тұрғын мен 64 мың кәсіпорынды үздіксіз газбен қамтамасыз етеді. Күн сайын жүздеген маман желілердің жай-күйін тексеріп, қысымын бақылайды.
Апаттық-диспетчерлік қызмет тәулік бойы 5-104 нөмірі бойынша қоңырау қабылдайды. Газ мамандары үшін бұл жай ғана жұмыс емес, қауіпсіздікті сақтау мұраты.
«Әрбір зақым, тек құбырға емес, адамдардың қауіпсіздігіне төнген қатер, - дейді компанияның техникалық директоры Абликим Юсупов. - Мұндай қатерден тек ұқыптылық пен тәртіп сақтай алады».

Қауіпсіздік - ортақ жауапкершілік
Газ қауіпсіздігі, тек мамандардың емес, баршаның ортақ ісі.
Құбырлар маңында кез келген жерді қазып немесе құрылыс жұмысын жүргізер алдында «QazaqGaz Aimaq» тарапымен келісу қажет. Құбыр зақымданған жағдайда 5-104 нөміріне дереу хабарлау керек.
Газ иісі сезілсе, электр құралдарын қоспау, от жақпау, үйден шығу және апаттық қызметті шақыру қажет.
Әкімшілік кодекстің 308-бабы газ құбырларын зақымдаған немесе рұқсатсыз жұмыс жүргізген тұлғаларға айыппұл қарастырады. Бұл талаптың басты мақсаты, адамдардың өмірін қорғау.

Қауіпсіз болашаққа жол
Газ - тіршілік пен қуат көзі.
Оны қауіпсіз пайдалану, әр азаматтың тәртібі мен жауапкершілігіне байланысты.
Біртұтас цифрлық жүйе құру, «Қазбас бұрын хабарлас» қағидасын енгізу және қауіпсіздік мәдениетін дамыту - барлығы “Қазақстан” атты үлкен бір шаңырақтың астында қауіпсіз әрі жылы өмір сүру кепілі.