Жаңалықтар

Kaspi Alaqan төлеміне тыйым салынуы мүмкін

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова Kaspi Alaqan технологиясына қатысты пікір білдіріп, мемлекет тексеруінен өтпеген жағдайда мұндай өнімге тыйым салынуы мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды newsroom.kz.

«Біз банктерге сәйкестендіруді дұрыс жүргізіп, алаяқтыққа қарсы (антифрод) шараларды орындау жөнінде талаптар қоямыз. Енді жаңа қаржы өнімі немесе технология пайда болғанда, ол жеке деректердің қорғалуын қамтамасыз ететініне, алаяқтыққа жол ашпайтынына, тұтынушылар үшін басқа қауіптер туғызбайтынына бағалануға тиіс. Бұл өнімге алдын ала бағалау жүргізілген жоқ. Біз банктерге арналған ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жалпы талаптарды белгілейміз. Онда қаржы өнімдерін әзірлеу және қызмет көрсету кезінде сақталуға тиіс нақты шаралар көрсетілген. Егер белгілі бір талаптардың бұзылғаны анықталса, біз ондай қаржылық қызметті немесе өнімді тыйым салуға құқылымыз», – деді Әбілқасымова Мәжіліс кулуарында.

Kaspi Alaqan жаңа төлем технологиясының іске қосылуына байланысты Мадина Әбілқасымова азаматтардың биометриялық деректерінің жиналуына қатысты алаңдаушылығына жауап берді.

«Жалпы алғанда, қазіргі уақытта банктер клиенттер үшін жаңа қызмет түрлерін ұсыну бағытында бәсекелесіп жатыр. Бұл – өте пайдалы және дені сау бәсеке. Жаңа қаржы өнімдері мен технологиялардың дамығаны жақсы. Экономиканың басқа ешбір саласында мұндай жылдам технологиялық ілгерілеу жоқ. Сондықтан банктердің барлығы клиент үшін жарысып, жаңа финтех-қызметтер ұсынуда. Дегенмен депутаттар да бүгін атап өткендей, биометрия саласында әлі де мәселелер бар — эталондық биометриялық база жоқ. Оны қауіпсіз түрде құру қажет, себебі жеке деректердің қорғалуы – басты талап. Бұл, бір жағынан, қаржылық алаяқтықпен күрес үшін, екінші жағынан, азаматтардың жеке деректерін қорғау үшін маңызды», – деді ол.

Әбілқасымованың айтуынша, жаңа қаржы технологиясы енгізілген кезде ең алдымен оның қауіпсіздігі қамтамасыз етілуге тиіс.

«Жеке деректер тұрғысынан сұрақ туындайды: олар жеке ақпаратты қалай қорғайды? Алақаннан алынған биометриялық деректерді кім және қалай пайдаланады? Бұл алаяқтықтың жаңа түрлеріне жол ашпай ма? Алаяқтар осы сәйкестендіру әдісін пайдаланып, біз әзірлеген қауіпсіздік шараларын айналып өтудің жаңа тәсілдерін ойлап табуы мүмкін. Біз де өз тарапымыздан қаржылық алаяқтыққа қарсы жаңа тетіктер мен шектеулер енгізіп отырамыз. Сондықтан банктерге сәйкестендіру мен антифрод-процедураларды дұрыс орындау бойынша талаптар қоямыз», – деді ол.

Реттеуші басшысының сөзінше, кез келген жаңа қаржы өнімі немесе технология жеке деректердің қорғалуын, алаяқтық тәуекелдерін және тұтынушыларға ықтимал қауіптерді бағалау тұрғысынан сарапталуы қажет. Сонымен қатар ол жеке деректердің қорғалуы – басты басымдық екенін атап өтті.

«Алдын ала бағалау жүргізілген жоқ... Сондықтан біз банктер үшін ақпараттық қауіпсіздікке қатысты жалпы талаптар белгілейміз. Тиісті қаулы бар, онда қаржы өнімдерін әзірлеу және қызмет көрсету кезінде сақталуға тиіс нақты шаралар жазылған. Егер біз қандай да бір бұзушылық анықтасақ, ондай қаржы өніміне немесе қызметке тыйым салуға құқылымыз. Жаңа заң аясында біз мінез-құлықтық қадағалау тетігін енгізудеміз — ол бұдан да қатаң шараларды қарастырады және тұтынушыларға зиян келтіруі мүмкін өнімдерді алып тастауға мүмкіндік береді», – деп қосты Мадина Әбілқасымова.