Жаңалықтар

Қазақ актері Джеки Чанның жаңа фильмінде ойнайтын болды

Қазақстандық актер Рүстем Омаров әйгілі Джеки Чанның жаңа халықаралық жобасы — «Құдіретті сауыт: Ультиматум» атты фильмнің түсіріліміне қатысатын болды.

Salem Entertainment компаниясының мәліметінше, Омаров бұл картинада сценарист әрі актер ретінде жұмыс істейді.

«Бала кезімнің кумирі Джеки Чанмен бірге бір фильмде ойнайтыныма шексіз қуаныштымын», — деп жазды Рүстем Омаров әлеуметтік желідегі парақшасында.

Еске сала кетсек, қазан айының басында әйгілі «Құдіретті сауыт» франшизасының төртінші бөлімі Қазақстан аумағында түсірілетіні хабарланған еді.

Бұл франшиза алғаш рет 1986 жылы жарық көріп, Джеки Чанның өзі түсіріп, басты рөлде ойнаған культтік гонконгтік шытырман оқиғалы боевик ретінде танылған. Кейін оның жалғасы — «Құдіретті сауыт 2: Кондор операциясы» (1991) және «Құдіретті сауыт 3: Зодиак миссиясы» (2012) фильмдері шыққан.

Жаңа жобаның режиссері — қазақстандық Роберт Кун. Ол бұған дейін эксклюзивті сұхбатында Джеки Чанды кино әлеміндегі басты шабыт көзі деп атап өткен болатын.