Жаңалықтар

Несиеңіз кешірілетін болды: бірақ рұқсатыңызсыз алаяқтар рәсімдеген болса

Қазақстанда азаматтардың атына рұқсатсыз рәсімделген несиелерді енді сотқа жүгінбей-ақ есептен шығару тетігі енгізілмек. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.

Оның айтуынша, заңнамаға тиісті өзгерістер енгізіліп жатыр. Егер несие клиенттің келісімінсіз және биометриялық сәйкестендірусіз рәсімделсе, банк ол қарызды өз бетінше есептен шығара алады.

Алаяқтардың құрбаны болған азамат алдымен құқық қорғау органдарына арыз жазуы тиіс. Тергеу нәтижесінде несие алаяқтық жолмен алынғаны дәлелденсе, банк борышты сотсыз-ақ кешіреді.

Соңғы екі жыл ішінде шамамен 1400 азаматтың атына алынған 1500-ге жуық несие өтелмеген деп танылып, есептен шығарылған. Жалпы сомасы — 1,9 млрд теңге. Дегенмен кейбір жағдайларда алаяқтар жалған биометрия қолданғандықтан, мұндай істерді сот арқылы шешуге тура келген.

Жаңа тәртіп күшіне енген соң, егер азаматтың несие туралы мүлде хабары болмағаны расталса, банк оны міндетті түрде есептен шығаруы тиіс. Бұл тетік Ішкі істер министрлігімен бірлесіп әзірленген.