Нью-Йорк мэрі қызметіне мұсылман сайланды. Трамп оған шүйлікті
34 жастағы Зохран Мамдани Нью-Йорк қаласының мэрі болып сайланып, бұл қызметке келген алғашқы мұсылман атанды, деп хабарлайды newsroom.kz.
Ашық деректерге сүйенсек, Мамдани сайлауда 42,75%-дан 50,3%-ға дейін дауыс жинаған. Сарапшылардың пікірінше, оның жеңісі – Демократиялық партияның прогрессивті қанатының күшеюін білдіреді. Алайда партия ішінде қазіргі президент Дональд Трампқа қарсы стратегия жөнінде бірлік әлі де жоқ.
Қолдаушылар алдында сөйлеген сөзінде Мамдани:
«Мен барлық ньюйорктіктердің мэрі болғым келеді. Бұл қаланы үміт шамына айналдырамын», — деді.
Ал АҚШ президенті Дональд Трамп сайлау нәтижелеріне пікір білдіріп, жаңа мэрді «коммунист» деп атап, оның басқаруымен Нью-Йоркті «экономикалық және әлеуметтік апат күтіп тұр» деп жазды. Бұл пікірін ол өз әлеуметтік желісі Social Truth парақшасында жариялады.
Зохран Мамдани Угандада дүниеге келіп, Оңтүстік Африканың Кейптаун қаласында өскен. 7 жасында Нью-Йоркке қоныс аударған. Кейін Бронкс ғылыми мектебін бітіріп, Боудойн колледжінде гуманитарлық ғылымдар бакалавры дәрежесін алған.
2017 жылдан бері ол «Америка демократиялық социалистері» ұйымының мүшесі. Саяси басымдықтары қатарында:
- байларға салынатын салықты арттыру;
- минималды жалақыны $16,5-тен $30-ға дейін көтеру (2030 жылға дейін);
- тегін балабақша және тегін автобус қатынасы енгізу бар.
Мамдани бұл бағдарламаларды жүзеге асыру үшін корпорациялар мен миллионерлерге жаңа салық енгізудіжоспарлап отыр. Оның есебінше, бұл шара қалалық бюджетке шамамен 9 млрд доллар кіріс әкелмек.