Ұлыбритания Саясат Нұрбекті білім саласындағы ынтымақтастық үшін марапаттады
Астанада өткен Халықаралық стратегиялық серіктестер форумы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбекке Ұлыбританияның Қазақстандағы елшілігі мен British Council ұйымы бірлесіп әзірлеген Plaque of Appreciation марапаты табыс етілді.
Бұл марапат министрдің Қазақстан мен Ұлыбритания арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға қосқан айрықша үлесін, трансұлттық білім беру жүйесін дамытудағы көшбасшылығын және академиялық сапаны арттыруға бағытталған бастамаларын мойындау белгісі ретінде табысталды.
Сонымен қатар, марапат Саясат Нұрбектің Қазақстанды аймақтық академиялық ынтымақтастық пен үздік тәжірибе орталығы ретінде таныту жолындағы еңбегіне жоғары баға берудің көрінісі болды.
Салтанатты рәсім барысында марапатты министрге Ұлыбританияның Қазақстандағы елшісі Салли Аксуорти мен British Council ұйымының Қазақстандағы директоры Роберт Тейлор табыстады.