Аймақтар

Маңғыстау жағалауында тағы да өлі итбалықтар табылды

Маңғыстау облысында тағы да каспий итбалықтарының жаппай қырылуы тіркелді. Түпқараған ауданындағы Каспий теңізі жағалауында экология департаментінің мамандары 112 өлі итбалықты анықтаған.

Ведомство мәліметінше, 3 қараша күні зертханалық-талдамалық бақылау бөлімінің қызметкерлері Ақтау тұрғындарының хабарламасынан кейін жағалауға шыққан.

«Балық инспекциясымен бірлесіп, Асан елді мекенінен бастап Баутино мүйісіне дейінгі аралық тексерілді. Нәтижесінде Асан мен Форт-Шевченко арасынан 39, ал жағажай мен Баутино аралығынан 73 итбалық табылды», — делінген департамент хабарламасында.

Мамандар теңіз суынан сынама алып, оқиға туралы ақпаратты 112 қызметіне жіберген.

Каспий жағалауында өлі теңіз жануарларының табылуы бұл бірінші жағдай емес — мұндай оқиғалар соңғы жылдары жиілеп кеткен.