Қырғызстанда үміткер Камчы Көлбаевпен түскен суреті үшін сайлауға жіберілмеді
Қырғызстанда Жогорку Кеңешке кандидат болғысы келген Ілияс Амангазиев сайлауға қатысу құқығынан айырылды. Бұған оның елдегі қылмыс әлемінің әйгілі өкілі Камчы Көлбаевпен (Коля Қырғыз) бірге түскен суреті себеп болған, деп хабарлайды newsroom.kz порталы 24.kg-ге сілтеп.
Сурет әлеуметтік желіде 2018 жылы жарияланған. Араға жеті жыл салып, Қырғызстан ІІМ қылмыстық іздестіру басқармасы бұл фотоны қайта еске салған. Амангазиев суреттегі адамның өзі екенін мойындаған.
Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы кандидатурасын тіркеуден бас тартып, мұндай шешімге заңның «ұйымдасқан қылмыс әлемімен байланысы бар адамдарды сайлауға жібермеуге болады» деген тармағын негіз еткен.
Айта кетейік, Ілияс Амангазиев бұған дейін де атышулы оқиғаға қатысты болған. Ол ҰҚК қызметкері болып жүрген кезінде балалар бассейніне түсіп, ата-аналармен жанжал шығарған. Осыдан кейін қызметінен босатылған.
Еске сала кетсек, Камчы Көлбаев 2023 жылдың қазан айында қырғыз арнайы қызметі операция барысында көз жұмған. Оның қылмыстық тобына қатысы бар адамдарды іздеу әлі де жалғасып жатыр. Тергеу аясында Қазақстан азаматтары да тексеріліп жатыр.