Жаңалықтар

Енді сатып алуға тек алақан жеткілікті: Kaspi жаңа төлем жүйесін таныстырды

Kaspi.kz компаниясы Kaspi Alaqan атты жаңа төлем тәсілін ұсынды. Бұл технологияның көмегімен енді дүкендерде төлем жасау үшін телефон, интернет немесе банк картасы қажет емес – сатып алу алақан арқылы жүзеге асады.

Kaspi негізін қалаушылардың бірі Михаил Ломтадзе Almaty Theatre сахнасында өткен жаңа сервистер таныстырылымында инновация туралы айтты.

Оның айтуынша, Kaspi Alaqan жүйесі 2025 жылдың желтоқсанында іске қосылады. Алдымен ол Алматыдағы сауда орталықтарында, кейін бүкіл ел бойынша қолжетімді болмақ. Алақанмен төлем жасау Kaspi банкоматтарында да қолданылады.

Kaspi серіктестері үшін үш ай бойы 0% комиссия акциясы ұсынылады.

«Бұл – смартфонды қалтадан шығарудан да жылдам. Бірінші рет қолданып көргенде әсер ерекше болады. Бұл жүйенің қауіпсіздік шешімдері Kaspi ID секілді жоғары деңгейде қорғалған. Қолданушы алақан деректерін кез келген уақытта өшіре алады», – деді Михаил Ломтадзе.

Kaspi басшысы Алматыда қазірдің өзінде 20 мың құрылғы жаңа жүйеге дайын екенін айтты. Kaspi Alaqan жүйесін алғашқылардың бірі болып UFC жауынгері Шавкат Рахмонов сынап көрді.

Ломтадзе сондай-ақ алақанмен төлем жасау технологиясы Қытайда қарқынды дамып келе жатқанын, алайда Kaspi нұсқасында қазақстандық инновациялар мен жетілдірулер бар екенін атап өтті.

Kaspi қосымшасындағы нұсқаулыққа сәйкес, Kaspi Alaqan жүйесін қосуға бірнеше жол бар:

Kaspi банкоматы арқылы: «Kaspi Alaqan» тармағын таңдап, экрандағы нұсқауларды орындаңыз.

Kaspi серіктес дүкендерінде: құрылғы экранында «Kaspi Alaqan қосу» батырмасын басып, Kaspi QR арқылы сканерлеңіз және нұсқаулыққа сай әрекет етіңіз.

Осыдан кейін сатып алуларды алақанмен төлей аласыз, сондай-ақ Kaspi банкоматтарында смартфон, карта немесе ЖСН енгізусіз авторизация жасап, қолма-қол ақша алу не шотты толтыру мүмкіндігіне ие боласыз.

Kaspi.kz хабарлауынша, Kaspi Alaqan Алматыда қараша айында пайда болады, кейіннен басқа қалаларға да тарайды.