Дана Нұржігіт: “Мөлдірдің жанайқайы – әр әйелдің жүрегінен орын тапты”
Кешеден бері желіде ең көп талқыланған тақырып — әнші Мөлдір Мұқанованың сұхбаты. Әншінің жан жарасы жайлы ашық айтып, ішіндегісін ақтарған сәті елдің жүрегін ауыртты. Ал бүгін оның жанайқайына журналист Дана Нұржігіт үн қатты.
Тележүргізуші өзінің парақшасында жүректен шыққан жазба қалдырды.
«Жарқырап жүріп, өксігін жұтқан, іштен тынып, көзіне шөп салған жұбайына көз жұмбайлықпен қараған “ақылды келіншектер” бүгін түнімен ұйықтамаған шығар. Мөлдірдің сұхбатын көрдік пе? Біргеміз деп қоя ма мұндайда?» – деп бастады ол өз сөзін.
Дана ханымның жазбасы ашу мен аяушылықтың, өкініш пен түсініктің тоғысындай әсер қалдырды. Ол Мөлдірдің тағдырына сырттай куә болғанын, бірақ ешқашан жеке өміріне араласпағанын айтып өтті:
«Мен Астанаға көшкелі 10 жыл. Осы уақыт бойы оның отбасына адал, жұбайына қалтқысыз қызмет еткенін көзім көрді. Бірақ үндемей жүріп, іштей жанып кеткен Мөлдірді енді түсіндім. Әйелді осындай күйге жеткізетін не? Намыс па, үміт пе? Әлде жауапкершілік пе?..»
Журналист Мөлдірдің сұхбатын “20 жасар кіршіксіз махаббатты жерлеу” деп сипаттады.
«Ол “Мөлдір” өлді деді бізге. Бірақ мен сенем, ол қайта туады. Өмір мұнымен бітпейді. Алға, Мөлдір!» – деп түйіндеді жазбасын Дана Нұржігіт.
Бұл жазба желі қолданушыларын бей-жай қалдырмады. Бірі – “шындықты айтты”, десе, бірі – “қоғамның жан айқайы” деп бағалады.
Бір анығы – Мөлдірдің әңгімесі мен Дананың сөзі қазіргі қазақ әйелінің үнін, үнсіз күресін айна-қатесіз көрсетті.