Қаржы

Салық қызметы енді қарызыңды да біледі

Қазақстанда 10 қарашадан бастап кредиттік бюролар мен салық органдары арасында жаңа деректер алмасу тәртібі енгізіледі. Бұл туралы ҚР Қаржы министрлігінің 24 қазанда бекіткен бұйрығында көрсетілген. Құжат 2025 жылдың соңына дейін күшінде болады.

Енді кредиттік бюролар микрокредиттік ұйымдар мен коллекторлық агенттіктер алдындағы берешегі бар азаматтар туралы ақпаратты мемлекетке ұсынуға міндетті. Бұл талап табыс пен мүлік туралы декларация тапсыруы тиіс барлық қазақстандықтарға қатысты.

Жаңа жүйе толықтай цифрлық форматта жүзеге асырылады:

  • Салық органдары жыл сайын есеп тапсыратын азаматтардың тізімін онлайн түрде қалыптастырып, оны кредиттік бюроларға жібереді;
  • Ал бюролар өз кезегінде әрбір қарыз алушы туралы деректерді — қарыз сомасы, несие беруші, шарт нөмірі және берешек қалдығын — мемлекеттік органға қайтарады.

Екі тарап та жеке және қаржылық деректердің құпиялылығын қатаң сақтауға міндетті. Ақпарат тек заңмен белгіленген мақсаттарда ғана пайдаланылады.

Бұл жаңашылдық азаматтардың қаржылық жүктемесін бақылауды күшейтіп, табыс декларациясын тапсыру жүйесін ашық әрі тиімді етуге бағытталған.