Жаңалықтар

АҚШ-та алтын унитаз 10 миллион долларға сатылмақ

АҚШ-та Sotheby’s (Нью-Йорк) аукцион үйі 18 қарашада Маурицио Каттеланның «Америка» атты алтын мүсінін — толықтай жұмыс істейтін, 101 келіден астам таза алтыннан жасалған унитазды — сатады. Бастапқы бағасы – 10 миллион доллар,- деп хабарлайды newsroom.kz

Newsmax сайты мәлімдегендей, аукцион үйі бұл туындыны 8 қарашадан бастап Бройер ғимаратындағы жаңа штаб-пәтерінде ұсынатынын мәлімдеді. Келушілер оны көре алады, бірақ пайдалануға рұқсат етілмейді. Sotheby’s мәліметінше, «Америка» — «өнер өндірісі мен нарықтық құндылықтың қақтығысын өткір бейнелейтін туынды».

Бұл мүсін 2019 жылы Ұлыбританиядағы Бленгейм сарайынан ұрланған унитаздың дәл көшірмесі. Сол кезде ұрылар оны су құбырынан жұлып алып, із-түзсіз жоғалып кеткен. 2024 жылдың басында екі ер адам сотталғанымен, унитаздың өзі табылмаған. Тергеушілер оны балқытып жіберген болуы мүмкін деп болжайды.