Қай өңірлер инвестиция тарта алмай отыр?
Қазақстан Премьер-министрі Олжас Бектенов өңірлердің инвестиция тарту көрсеткіштерін сынға алды. Үкімет басшысы бұл туралы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау барысын талқылаған кеңесте мәлімдеді.
Бектенов Президенттің 2029 жылға дейін ел экономикасына 150 млрд доллар шетелдік инвестиция тарту міндетін еске салды.
Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, биылғы тоғыз айда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 13,8 трлн теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 13,5% артқан. Ең үлкен өсім энергетика, өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы және көлік салаларында байқалды.
Алайда Қарағанды, Атырау, Ұлытау және Абай облыстары жоспардан қалып отыр. Ал Астана мен Түркістан облыстары керісінше, көрсеткіштерді артығымен орындауда.
Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 10,1 млрд долларды құрады. Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Түркістан облыстары, сондай-ақ Астана алдыңғы қатарда.
Премьер-министр кей өңірлердегі баяу қарқынның басты себебі бюрократиялық кедергілер мен жобаларды іске асырудағы кешігулер екенін айтты.
«Инвестиция болмаса, экономика дамымайды. Артта қалған өңірлердің әкімдері бұл бағытта нақты шара қабылдауы керек», – деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар, жиында инвесторлардың құқықтарын қорғау және ірі жобаларды уақтылы іске қосу үшін инфрақұрылым мәселелері қаралды. Инвесторларға қатысты заңсыз тексерулердің алдын алу арқылы 19 трлн теңгеден астам үлес қосқан 1800 компанияға көмек көрсетілгені айтылды.